31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Н.Төреқұлов атындағы мұражайда тарихи тағылымды шара өтті.
Шара шымылдығы қазақтың тұңғыш елшісі, репрессия құрбаны Нәзір Төреқұлов туралы «Абақтыдан сәлем» атты көрініспен ашылды.
Тарихи тағылымды шарада «Құрмет» орденінің иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласынын Құрметті азаматы Баян Адырбек сөз алып, жастарға Алаш арыстарының өнегелі өмір жолдарын сөз етті. Естеліктерімен бөлісіп, тарихи тұлғалардың ұл-қыздарын көзімен көрген сәттерінен сыр шертті.
Сондай-ақ, Нәзір Төреқұлов атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Марат Нұрмаханұлы, Нәзір Төреқұлов мұражайы филиалының меңгерушісі Омар Абдуллаұлы жиынның маңыздылығына тоқталды.
Шара «Яссы» халықтық этнофольклорлық ансамблінің мүшелері Нұрзаман Мұсаханұлы мен Шайзында Жансая күмбірлеген күйімен жалғасты.
Сондай-ақ, «Шұғыла» халықтық мәдени-үгіт бригадасы Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған жыр жолдарын оқыды.
Қазақ жұртының тағдыры сынға түскен тарихи кезеңдерде ұлт зиялылары жанқиярлық еңбек көрсетті. Ұлт тәуелсіздігі үшін күресте олардың бір жағадан бас, бір жеңінен қол шығарып, тізе біріктіріп, ел санасын оятудағы қыруар еңбегін еш уақытта ұмытуға болмайды.



