Облыс әкімі Дархан Сатыбалды түркістандықтармен ақпан айындағы кездесуінде көтеріліп, шешімін тапқан мәселелерге тоқталды:
Бекзат мөлтек ауданында ойын алаңшасын салуға қаржы қарастырылып, нысан пайдалануға берілді.
Осы мөлтек ауданындағы Зерделі көшесінің тұрғындарына жүріп тұруға қолайлы жағдай жасау мақсатында қазылған көшелер реттеліп, тас төселді.
Тұрғындар жол белгілерін көбейтуді сұраған болатын. Жыл басынан бері 1 200 жол белгісі қажеттілікке байланысты орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 200 данасын орнату жоспарлануда.
Сонымен қатар, Асанбай темір жол өткеліндегі «тоқта» белгісін алып тастау мәселесі көтерілді.
Жүргізушілердің, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Жол жүрісі туралы» Заңына сәйкес бұл өткелде «тоқта» белгісі тұру керек.
Аталған темір жол өткелінде көлік кептелісі мәселесін шешу үшін Тынышқұлов көшесінде айналма жол салынды.
Ортақ мөлтек ауданындағы Аубакиров, Асфендияров, Аманжолов көшелеріне жарықтандыру жүйесі толығымен жүргізілді.
Шауғар секторына қарасты Тоған – Сүйіліш батыр аралығындағы көшеге асфальт салу үшін қаржы қаралып, құрылысы толығымен аяқталды.
Баянауыл мөлтек ауданынан Жаңа қала аумағына баратын жаңа №16-шы бағытындағы қоғамдық көлік қатынасы іске қосылды. Бұдан бөлек, қолданыстағы №6-шы қоғамдық көлік бағытының жол жүру сызбасы ұзартылды.
Баспана кезегі бойынша көтерілген сұрақ бойынша:
Түркістан қаласында тұрғын-үй кезегінде
16 мыңнан астам тұрғын бар, бұл мәселе заң аясында кезең-кезеңімен өз шешімін табуда.
Биылғы жылы кезекте тіркеліп тұрған азаматтарға 676 пәтер берілді (оның 476-ы көп балалы отбасыларға үлестірілді).



