Түркістан – ежелден Түркі әлемінің рухани астанасы атанған, бүгінде заман талабына сай қайта жаңғырған шаһар. Соңғы жылдары қалада көне тарих пен заманауи сәулет үйлесім тапқандай. Бүгінгі Түркістан – көпқабатты үйлері мен шығыстық нақыштағы ғимараттары сән берген, алуан түрлі сәулеттік шешімдерімен ерекшеленген қала. Оның әр бұрышы тарихи мұраның айқын көрінісіндей. Түркістан қаласының бас сәулетшісі, Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Мұхит Көшеновпен қаладағы сәулет саласындағы өзгерістер мен болашақ жоспарлар жайында сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Мұхит мырза, Түркістан қаласының сәулет саласында қандай жаңалықтар бар?
– Түркістанның «Түркі мемлекеттері ұйымы мен Түркі әлемінің рухани астанасы» мәртебесіне ие болуы – қала сәулетінің жаңа бағытта дамуына серпін берді. Биыл «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» заң жобасы әзірленіп, Парламентте талқыланды. Бұл заңның мақсаты – қаладағы тарихи-мәдени мұраларды сақтап, өңірдің демографиялық өсіміне сай инфрақұрылымды дамыту. Осы заң жобасының аясында Түркістанның құрылыс регламенті, дизайн коды және құрылыс жоспарлау тәртібі бекітілуде.
Қаланың сәулеттік келбеті оның ландшафтық, тарихи және жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып қалыптасуда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Түркістанның өзіндік сәулет стилі айқындалып, қаланың төлқұжаты әзірленеді.
– Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қандай күтім жасалуда?
– Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – тек Түркістанның ғана емес, бүкіл әлемнің мәдени мұрасы. Оған ерекше назар аударылып, заң жобасы аясында күтіп-ұстау шаралары күшейтілді. Кесенеде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды арнайы мамандар жүргізеді. Бақылау қызметін республикалық мекемелер жүзеге асырады.
Сонымен қатар, Түркістанның шығыстық стилін айқындау мақсатында жаңа нысандар салынуда. Мысалы, Қолөнершілер орталығы – ұлттық мәдениеттің дамуына тың серпін беретін кешен. Мұнда шоурумдар, көрме залдары, қолөнершілерге арналған сауда орындары, сондай-ақ саялы бақ пен базар орналасады. Бұдан бөлек, 500 орындық Мәдениет үйінің құрылысы басталды. Оның ішінде ашық сахна, саябақ және балалар ойын алаңдары болады. Құрылыс келесі жылы аяқталады деп күтілуде.
– Қалада тағы қандай өзгерістер күтілуде?
– Түркістанның бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, қала дамуының негізгі бағыттары анықталып жатыр. Желтоқсан айында бұл жоспарлар қоғамдық талқылауға ұсынылады. Бүгінге дейінгі деректерге сүйенсек, құрылыс саласына 154,3 миллиард теңге бөлініп, 128 пайыз өсім тіркелген.
Тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамып келеді. Биыл 529 400 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,6 пайызға артық. Жаңа көпқабатты үйлер, заманауи инфрақұрылым, тарихи нысандардың жаңғыруы – мұның барлығы Түркістанның көркейіп келе жатқанының белгісі.
Түркістан – тарихы терең, болашағы жарқын мекен. Оның сәулеттік бейнесі уақыт өткен сайын айшықталып, еліміздің мақтанышына айнала бермек.
