kazaqpar.kz
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
  • Әлем жаңалықтары
  • Руханият
  • Спорт
  • Туризм
No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
  • Әлем жаңалықтары
  • Руханият
  • Спорт
  • Туризм
No Result
View All Result
kazaqpar.kz
No Result
View All Result
Home Туризм

САУРАН МЕДРЕСЕСІ

16 мая, 2025
in Туризм
0
САУРАН  МЕДРЕСЕСІ
0
SHARES
15
VIEWS
Share on FacebookShare on Twitter

Сауран қаласы — ортағасырлық Қазақстанның ең ірі әрі гүлденген қалаларының бірі. Ол Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан. Сауран — тек сауда мен қолөнер орталығы ғана емес, сонымен қатар ислам дінін насихаттаған, білім мен ғылым дамыған рухани шаһар болған. Бұл қаланың маңызды нысандарының бірі — Сауран медресесі.

Сауран медресесі шамамен XVI ғасырдың басында, 1515 жылы салынған. Медресенің құрылуына Бұхара билеушісі Убайдулла хан ықпал еткен. Ол Сауранға ислам дінінің білім ордасын құруды мақсат етіп, бұл міндетті көрнекті діни қайраткер Сейіт Шамсаддин Мұхаммед Куртиге жүктейді.

Бұл медресе Қазақстандағы ең көне ислам оқу орындарының бірі саналады және ел аумағында толық сақталған сирек ескерткіштердің қатарында.

2004-2006 жылдары қазба жұмыстарын жүргізу маусымында Сауран қаласының орталық алаңынан медресенің орнын білдіретін объектінің үлкен бөлігі аршылған.

Үйінді қабатының астында солтүстік мұнараға келіп қосылатын учаске мен медресе құрылыс орнының оңтүстік-батыс бөлігі жатыр, онда 2007 жылы маусымда іздестіру жұмыстары жалғасқан. Медресенің оңтүстік-батыс бөлігіндегі қазбаның алаңы 206 шаршы метрді құраған. Үйіндінің астында 7 құжыра және медресенің оңтүстік-батыс қанатының дәлізі көміліп қалған. Оны тазалау кезінде күйдірілген кірпіш сылақ бөліктері және төбе жабынының бөлшектері кездескен. Құрылымдардың сақталуы өте нашар, өйткені ғимарат кірпіштері құрылыс салуға бұзылып алынған. Бөлмежайды бөлетін кейбір қабырғалар түбіне шейін бұзылып алынған. Олардың орналасқан жерін қалың төселген еден іздері мен қалдықтары көрсетіп тұр. Бөлмежайдың өлшемі 3,20*2,75 м. Бөлмежайлар мен дәліз солтүстік-шығыс қанатқа қарама-қарсы бөлмежайларға қатаң симметриялық түрде орналасқан. Тар дәліздің жанында көшеге шығатын есік бар, ал өтетін жердің ені – 85 см, барлық бөлмежайларда кіреберісте әртүрлі деңгейде сақталған тереңдетілген ташнау алаңы, ошақ-сандалдар болғаны айқындалған. Жақсы сақталған бөлмежайларда да оңтүстік бұрыштан пештер табылған. Пештердің аузы ташнауы бар алаңға қаратылған. Түтін жолдары бөлмеге тікесінен орнатылған құдық арқылы жүргізілген. Бөлмежайлардың қабырғаларында, сондай-ақ қуыстар бар. Олардың бірі бұрыштағы бөлмежайда сақталған.

Егер, ташнауы бар алаң және қуыстар бөлмежайларда әуелгі бастан болса, пештер, ошақ-сандалдар және суфалар кіреберісте бөлмежайды пайдалану кезінде кейіннен пайда болған. Барлық бөлмежайларға жөндеумен кейіннен салынған құрылыс бөлшектерінің іздері байқалады. Едендердің бірнеше мәрте қалыңдатылғаны анықталған. Бөлмежайлардың бірінен әр кезеңге жататын бір-біріне тығыз орнатылған ошақ-сандалдар табылған. Бөлмежайда дәлізге солтүстік-батыс жағынан сол жақтағы кіреберісте тандыр орнатылған. Медресеге кірер жердің солтүстігіндегі үйінділерді тазалауда солтүстік мұнараның негізі табылған. Өткен жылдарда жасалған қазба жұмыстары нәтижесінде цокольдің үстінен шығатын мұнара негізінің төрт жоғарғы қатары анықталған. Цокольдің астында биіктігі 1 м 11 қатар кірпіш өрілген. Мұнара негізінің диаметрі шамамен 3,3 м. Мұнараның төменгі бөлігі доға күйінде қаспеттік қабырғадан шығады. Екінші бөлігі қаспеттік қабырғаға орнатылған және портал тұтас қалауымен өрілген. Мұнараның сұлбасы төбеге дейін жеткен, ал одан кейін бұранда баспалдақ арқылы көтерілген. Мұнараға төбе арқылы шыққан. Қабырғада төбеге шығатын баспалдақтар құрылыстың шығыс бетінде сақталған.

Мұнаралар іргетасқа тікбұрышты негізде тұрғызылған. Оңтүстік мұнараның орнында 2005 жылғы маусымда аршу жұмыстары жүргізіліп, тікбұрышты құрылым анықталған, сазға көп күл (қыр) қосылып, құйылған күйдірілген кірпіштердің көлемі 23-25*23-25*5-6 см, аталған құрылым осындай кірпішпен тұтастай қаланып шыққан. Тік-бұрышты өлшемі 3,5*2,75 м кірпіш қаланған. Оның негізі тас табалдырық деңгейінен 2 м тереңдікте жатыр, яғни құрылыстың еден деңгейінен 3 м тереңдікте және 1,75 м биіктікте сақталған. Солтүстік мұнараның астынан, сондай-ақ мұнараның негізінен 1,3 метр тереңдікте орныққан іргетас табылған. Іргетас одан әрі қарай жіңішкеруі де мүмкін. Іргетас үшін төменде жатқан мәдени қабатты кесіп өтетін шұңқыр қазылған. Төменгі қабаттарды төрт-төрттен топтастырып, шахмат тәртібімен орналастырылған қабырғасынан қойылған кірпіштер құрайды. Кірпіштердің арасында бекітуші ерітінді жоқ, тек су мен күлдің қоспасы құйылған. Содан кейін күйдірілген кірпіштің алты қатары өрілген, онда оның ерітіндісінде күлдің құрамы көп. Бұдан кейін тағы бір қатар кірпіш қабырғасынан қойылған, бүл да жоғарыда айтылғандай тәртіппен өрілген. Ең соңында бес қатар кірпіш жалпағынан қаланған. күлмен араластырылған ерітінді іргетасты қалауда гидроизоляциялау материал ретінде пайдаланған болуы керек. Қабырғасынан қойылған ерітіндісіз екі қатар қойылған кірпіш сейсмобелдеудің міндетін атқарған.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазылған шұңқыр төменгі құрылыс қабатын кесіп өткен. Іргетасты қазу кезінде солтүстік-батыс қаспеттен 0,7 м жерде 0,5 м тереңдікте тандыр және көлбеу күйдірілген науа түріндегі түтін жолы табылған. Шикі саздан жасалған құрылыс қалдықтары, сондай-ақ 26 және 27 бөлмежайлардың арасындағы бұзылып алынған қабырғалар мен пилонның орнында жасалған шурфта табылған. Шурфтың өлшемі 2*2 м. 0,5 м тереңдікте шикі кірпіштен қаланған құрылым табылған, оның анықталған тереңдігі 1,2 м. Шикі кірпіштен жасалған қабырғаның негізінде борпылдақ қарашірік (гумус) толтырылған шұңқырдың аузы бар екендігі анықталған. Онда ХV ғасырға жататын жылтыратылған және жылтыратылмаған керамиканың бірнеше бөліктері табылған.

Медресенің қасбетті қабырғасы алдында, кіретін баспалдақтың екі жағында, күйдірілген кірпіштен екі қатар етіп өрілген контурлы қабырғаның алаңы бар. Алаңның өлшемі 12*7 м. Биіктігі 1 метрге көтерілген, іші құрылыс қоқыстарымен толтырылған. Бет жағында тұтас және сынған кірпіштер қаланған. Солтүстік алаңның солтүстік-шығыс шетінде қабырға кейіннен кесіліп алынған, тұйық бұрышпен медресенің солтүстік бұрышына келіп тіреледі.

Медресе тікбұрышты жобада салынған, өлшемі 31,5*28 м, құрылымы – симметриялық аула түрінде, басты кіретін қақпасы порталмен бөлінген. Оның екі жағында екі мұнара орналасқан, бүл солтүстік-батысқа қаратылған. Вестибюльдің салтанатты бөлігінде екі сегіз қырлы бөлмежайлар бар, олардың шығатын жерлері аулаға қаратылған. Вестибюльдің солтүстік бөлігі арқылы үлкен бөлмеге кіретін болған, ал оңтүстік бөлмежай мешітке кіретін өтпе бөлме болғанға ұқсайды, өкінішке орай ол толықтай бұзылған. Екі айваны бар аула он алты тұрғын бөлме құжыралармен қоршалған. Құрылыс жобалауы бойынша ішкі үлкен ауласы бар құрылыс аталған типке жатады, оның айналасында оқу және тұрғын үй бөлмежайлары жайғасқан.

Сонымен, 2004-2007 жж. кезеңде Сауранның орталық қоғамдық ғимараттарының бірі болып табылатын медресе қазылған.

Сауран медресесі — қазақ жеріндегі ислам өркениетінің, рухани және білім беру дәстүрлерінің жарқын белгісі. Ол тек тарихи-мәдени мұра ғана емес, қазақ халқының өткен өмірінен сыр шертетін баға жетпес жәдігер. Қазіргі таңда бұл ескерткіш ел мәдениетінің алтын қорына енген.

Алдыңғы жаңалық

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Келесі жаңалық

ТАРИХИ ЖӘНЕ РУХАНИ МҰРА - ҚАРАХАН АТА ЗИРАТЫ

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

"Kazaqpar.kz" ақпараттық агенттігі
162000,Түркістан қаласы
Меншік иесі: ЖК Алмас Мұқтарұлы
aqpar@gmail.com

Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде kazaqpar.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді

No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
  • Әлем жаңалықтары
  • Руханият
  • Спорт
  • Туризм

Kazaqpar.kz ақпарат агенттігі