Қазақ халқының тарихында қолөнер ерекше орын алған. Бұл – ұлттың рухани байлығы, өмір салты мен эстетикалық талғамының көрінісі. Атадан балаға мирас болған зергерлік, кесте тігу, кілем тоқу, ағаш, сүйек және металл өңдеу сынды дәстүрлі өнер түрлері – халқымыздың мәдени кодын айқындайтын құндылықтардың бірі.
Қолөнер – жай ғана шеберлік емес, ол – ұлттық тәрбиенің, бірліктің, еңбек сүйгіштіктің белгісі. Әрбір бұйымда шебердің шеберлігімен қатар, салт-дәстүрге деген құрметі мен ұлттық танымы көрініс табады. Мәселен, ою-өрнектердің әрбір элементі белгілі бір мағынаны білдіреді. Бұл – көркемдікпен қатар философиялық танымның да белгісі.
Бүгінгі таңда қолөнерді жаңғырту – рухани жаңғырудың бір бөлігі. Елбасы мен Мемлекет басшысы айтып жүрген «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Ұлттық құндылықтарды дамыту» ұғымдары осы саламен тікелей байланысты. Қолөнер арқылы жастарды еңбекке баулып, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін оятуға болады. Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қолөнерге үйрету – ұлттық тәрбиенің бір тетігі. Сонымен қатар, кәсіпкерлік пен туризм саласында да бұл бағыт ерекше сұранысқа ие. Қолдан жасалған бұйымдар бүгінде экологиялық таза әрі бірегей өнім ретінде бағалануда. Сондықтан да, қолөнерді қолдау – ұлттың рухани байлығын сақтау, дәстүр мен мәдениетті ұлықтау, сондай-ақ, ел экономикасын дамытуға да қосылатын үлес. Сауран аудандық мәдениет үйіне қарасты Абай ауылдық клубында кезекті қолөнер үйірмесінің шеберлік сағаты өткізілді. Шебер Үміт Алмаханбетова жетекшілік ететін қолөнер үйірмесінің оқушыларының алар асуы биік, елге қосатын үлесі орасан.

