Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықтарын қорғауды мемлекеттік саясаттың басты басымдығы деп атап өтті. Ол ата-аналардың бала тәрбиесіне белсенді қатысуының маңыздылығын, балалардың цифрлық тәуелділігінің қауіптілігін және әлеуметтік желілердің ықпалын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдайдың өзіне ауыр тиетінін айтып, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді. Сонымен қатар, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, буллингтің алдын алу және олардың шығармашылық пен спортқа қызығушылығын арттыру қажеттігін баса айтты.
Соған орай, Кентау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен кеңейтілген жиын өткізілді. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары А.Байболова, қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің маманы, білім бөлімінің басшысы А.Ауелбеков, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сондай-ақ ата-аналар қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларына қатысты құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту және жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын үйлестіру болып табылады.
Жиында бөлім басшысы А.Ауелбеков 2024–2025 оқу жылында білім беру ұйымдарында жасөспірімдерге қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, биылғы оқу жылының көрсеткіштері де өткен оқу жылынан төмен болмайтынын жеткізді. Оқу жылын қорытындылау бойынша негізгі мәселелерді айқындап, мектеп басшыларына тапсырмалар берді.
Жиын барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық, ерте жүктілік, әлімжеттік, төтенше жағдайлардың алдын алу, оқушылардың әлеуметтік желілер арқылы теріс діни ағымдар мен қауіпті сайттарға кіруінің алдын алу, суицид пен зорлық-зомбылық әрекеттеріне қарсы профилактикалық жұмыстар аясында атқарылған іс-шаралар таныстырылды.
Жиында қалалық жасөспірімдер полиция бастығы Ж.Ахметов жазғы демалыс уақытында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмаған балалардың көлік құралдарын басқармауын қадағалау, балалардың түнгі мезгілде ата-анасыныңрұқсатынсыз жүруіне жол бермеу секілді мәселелер бойынша хабарлама жасап, әр баланың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті.
Сонымен қатар, жиында сөз алған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің маманы жаз мезгіліндегі суға шомылу қауіпсіздігі мәселесіне ерекше тоқталып, сынып жетекшілерге оқушылар мен ата-аналар арасында суға шомылу ережелері бойынша түсіндіру сабақтарын өткізудің маңыздылығын атап өтті.

