Түркістан қаласында мәдениет пен руханияттың айрықша мерекесіне айналған дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі мәресіне жетті. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл фестиваль — өңірдегі өнерпаздардың шығармашылық әлеуетін танытып, қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған ауқымды жоба.
Биылғы байқауда Сауран және Қазығұрт аудандары өзара өнер бәйгесіне түсті. Көрерменге түрлі жанрда ұсынылған қойылымдар мен сахналық көріністер, ұлттық өнер мен дәстүрлі музыкалық нөмірлер фестивальге сән берді.
Фестиваль барысында әр ауданның өнерпаздары өз өңірінің рухани байлығы мен мәдени мұрасын жан-жақты танытуға тырысты. Халық әндері, дәстүрлі күй, театрландырылған көріністер, хореографиялық қойылымдар мен домбырамен сүйемелденген композициялар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сауран ауданының өнерпаздары өздерінің кәсіби деңгейін, сахналық шеберлігін, композициялық тұтастығы мен көркемдік өңдеуі жоғары дайындықпен көрсетіп, қазылар алқасының оң бағасына ие болды. Ерекше атап өтерлігі, сахнада ұлт рухын сезіндіре білген саурандықтар көрермен көңілін жаулап, келесі кезеңге жолдама алды.
Фестиваль аясында өнер мен мәдениетті дамыту, жергілікті таланттарды қолдау, сондай-ақ ұлттың рухани тұтастығын нығайту мәселелері де назардан тыс қалмады. Мәдениет қызметкерлері мен өнер ұжымдары арасындағы байланысты арттыру да фестивальдің басты мақсатының бірі саналады.
«Өнерлі өлке» — тек өнер додасы емес, ол — туған елге, салт-дәстүрге деген сүйіспеншілікті, ұлттық рухты дәріптейтін, әр ауданның өнерге деген көзқарасын танытатын үлкен алаң. Сауран ауданы бұл жолы өзінің өнер мен мәдениеттің биік белесінде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

