Ұлы Жібек Жолы бойында ондаған ғасырлар бұрын негізі қаланып, маржандай болып тізілген ортағасырлық қалалар әскери- стратегиялық, сауда- экономикалық және тарихи-мәдени тұрғыдан қазіргі Қазақстанның қалыптасуында, сонымен қатар, тұтас Орта Азияның дамуы тарихында аса маңызды орынға ие болды. Қаратаудан Сырдарияға құлай аққан өзен-сулардың бойында пайда болған қоныстар бірде қирап, бірде бірігіп үлкен қалаларға айналып, өзіндік қала мәдениетін қалыптастырып жатты. Қазіргі Түркістан қаласынан батысқа қарай 40 шақырым жерде, Шымкент-Қызылорда тасжолының бойында орналасқан көне Сауран шахары солардың ішіндегі орны бар ерекше қалалардың бірі болды. Ол, Қазақстан аумағындағы қорған қабырғалары барынша жақсы сақталып қалған ортағасырлық бірден-бір қала. Қала туралы алғашқы жазба деректер ретінде зерттеушілер Х-ХІІІ ғасырларға тиесілі араб-парсы жиһанкездерінің жазбаларын ғана келтіреді.
Сауран қаласы туралы іздене қалсақ алдымыздан тек сол санаулы авторлардың деректері шығады. Алайда тарихшы Е. Смағұловтың «Древний Сауран» атты еңбегінде қала туралы алғашқы дерек Қ.А.Ясауи әулетінің тарихын баяндайтын «Насабнама» атты агиографиялық еңбекте кездесетіндігін айтады. Аталмыш деректе, VІІІ ғасырда Түркістан жеріне араб-мұсылман жаулаушылары келген тұста орын алған оқиғалар көрініс алған. Аталмыш еңбекте жергілікті билеуші Туббат Дара Сайрам түбіндегі мұсылмандармен болған соғыста жеңіліс тауып,Сулхан (Сауран) қаласына қашты деп айтылған. Сонымен қатар, Ысқақ Баб Қаратаудың солтүстігіндегі Созақ қорғанын алып, таудан асып, Сулханға қарай бет алды. Сулханмен қатар Түркістанның Ясы,Суйри, Қарнақ, Иқан, Темір- Куфкан, Бағыстан, Жетікенд, Алтмыш, Отырар, Сығанақ деп аталатын қалаларын, екі теңіздің арасын (Арал мен Каспи) түгел алып, халқын мұсылман қылғандығы туралы айтылады.
Сауран қаласы туралы келтірілген деректер, Орта Азияға ислам дінінің таралуы кезеңінде қаланың маңызды орынға ие болғандығын көрсетеді. Алайда, жоғарыдағы айтылған деректер мақалаға арқау болып отырған Сауран емес, оның оңтүстік шығысындағы 3 шақырымдай жерде, Қаратөбе ауылының маңынан табылған ескі Сауран қаласы жайлы айтылған. Себебі, қала Шыңғыс ханның жаулаушылығынан кейін жаңа орынға ауыстырылған. Соғыстан зардап шеккен қаланы қалпына келтірмей оны жаңа орынға көшіру Орта Азиялық қалаларға тән тәжірибе болатын. Дегенмен, 1207-08 жж., Хорезмшах Мухамед ибн Текештің, 1219/20 жылдары Шыңғыс ханның жаулаушылықтары кезінде стратегиялық тұрғыдан маңызды болса да, Ясымен қатар Сауран қаласының аты да аталмайды. Бұл, қалалардың соғыссыз берілуімен байланысты болуы мүмкін. Олай болмағанда 1254 ж. Мөңкенің шақыртуымен Қарақорымға сапар шеккен Армян-Келекиялық патша Гетумның жылнамашысы Сауран қаласын «Аса үлкен» деп суреттемеген болар еді. Шыңғысханның өз еркімен берілген қалаларды қирату мен тонаушылыққа бермеуі туралы тарихтан тағы мәлім. Х ғ. аяқ жағында өмір сүрген араб географы Ал Мақдиси Сауран туралы – « Сауран жеті қабат дуалымен орналасқан. Ол оғыздар мен қимақтарға қарсы шекаралық қала…» деп жазды. Қала туралы араб географы Абу Абдаллах Якут Ибн Абдаллах (1179-1221), ХІІІ ғасырдың басында құрастырған «Муджам ал-булдан» (Мемлекеттер сөздігі) атты еңбегінде Сауран қаласы Испиджабпен қатар харадж төлемейтін шекаралық қалалардың бірі болғандығын жазды. Х ғ. бірінші жартысында жазылған «Жолдар мен мемлекеттер кітабы» ( «Книга путей и стран») атты кітабында Истахри «…ал, Собран қаласы болса оғыздардың бейбітшілік және келісім (жасасу) үшін және сауда жасау үшін жиналатын қаласы болды; бұл қамалдары берік қала» деп жазды.
Сауранды жаулап алмақ болған Абдаллах ханның әскери жорығын (XVI ғ. екінші жартысы) суреттеген Ибн Рузбихан қала туралы « Сауран қамалы-өте берік бекітілген қорған, оның мықты және күшті қамал болғандығы соншалықты, тағдыр тәлкегінің қолы оның қорғанының түбіне жетіп көрген емес және көктегі аспанның өзі де әлем жерінің төрттен бірінде мұндай берік қамал көрген емес. Оның биіктігі соншалықты, күннің көзі де одан асып көрген емес. Қамалдың беріктігі соншалықты, оның мұнаралары мен дуалын қирату ешкімнің ойына да кіріп шықпады», -деп жазады. Аталмыш шайбанилік билеуші және оған дейін басқа да жолы болған, болмаған жолаушылар Сауран қаласын ұлан-ғайыр Дешті Қыпшақ даласын мекен еткен тайпалар мен халықтарға үстемдік орнатуға мүмкіндік беретін стратегиялық бекініс ретінде қарастырған. Тоқтамыс ханның Сыр бойына жасаған жорығы кезінде бірінші кезекте осы қаланы алуға ұмтылғаны да осыны түсіндірсе керек.
Осы деректер негізінде зерттеушілер сол уақыттарда тек Сауран ғана емес, Сырдарияның орта ағысының оң жақ беті, Арыс өзені бассейні мен сонау Таразға дейінгі жерлер түгел оғыздарға қараған деп есептейді. Алайда, тарихшы Е. Смағұлов ибн Хордабектің (ІХ ғ. соңы) Сауранға жақын жерде орналасқан Фараб қаласында оғыздар емес, арабтар мен қатар қарлұқтар мекендеген деген дерегін келтіре отырып, Сауран оғыздар мемлекетінің құрамында болмаған, керісінше, Мақдиси айтқандай «… оғыздарға қарсы шекаралық қала» болған деген ой түйеді. ХІ ғ. басында Қазақстанның оңтүстігі, Таразға дейінгі жерлер түгел Қарахандарға қарағандығы белгілі. Ибн ал- Асирдің хабарлануынша, Қарахандықтар мен Селжұқтар арасында болған соғыс кезінде Алып-Арслан Жент пен Сауранға жорық жасайды. Жент қаласының билеушісі селжұқ патшасының алдынан мол сый-сияпат алып шығып, бағыныштылығын білдіреді. Келтірілген тарихи деректе Алып –Арсланның Сауранды алған-алмағандығы туралы нақты айтылмайды. Сауран қаласының дәл сол уақыттарда кімге қарағандығы туралы тарихи деректерде айтылмаса да, Сырдарияның орта ағысы, Сауран мен Жент қалалары сол уақыттарда қарахандықтардың қарамағында болды деуге негіз бар. Себебі, оғыздардың басым бөлігі сол уақыттарда Сырдарияның маңын тастап кеткен болатын.
Оғыздар қарақытайлар мен қарлұқтардың бірлескен күшінен жеңіліс тапқан соң, Сауран мен оған жақын орналасқан басқа да қалалар қарақытайлардың одақтасы қарлұқтардың иелігіне өткен болуы мүмкін. Себебі, хорезмшах Мухамед ибн Текеш мұсылмандарды қарақытайлықтардың (қар-қидандар) езгісінен құтқарамын деген жалған ұранмен сыр бойындағы қарахандар мемлекеттерін түгел өзіне қаратып билеушілерін өлтірткен болатын. Қарахандар мемлекеті осы жеңілгеннен соң қайта қалпына келмей, бір жола тарих сахнасынан кетті. Олардың одақтастары қарақытайлар болса, сол уақыттарда найман Күшлік ханнан жеңіліс тауып, өз бастарымен қайғы болып жатты. Осы оқиғаларға қарап, Сауранды оғыздардың емес, қарлұқтардың қаласы болды деуге негіз бар.
Түркістан облысы,Сауран ауданы әкімдігінің тапсырысымен жазылған “Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтарымен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелер” тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция еңбектер жинағынан алынды. Дайындаған: Д.Батырханқызы.

