Үкаша ата мазары мен құдығы — Түркістан облысы, Бабайқорған ауылдық округінің солтүстігінде, Қаратаудың етегінде орналасқан киелі орын. Бұл жер ислам дінінің таралуына байланысты тарихи және рухани маңызға ие.
Үкаша ата мазары – шамамен 6-7 ғасырларда өмір сүрген, Мұхаммед (саллаллаһу ғаләйһи уа салләм) пайғамбарға замандас болған ислам дінінің өкілі – Үкаша ата кесенесі, сәулет өнері ескерткіші.
Кесененің жалпы ұзындығы 16 м, ені 5 м, биіктігі 3,5 – 4 м. Ғимараттың батыс жағында, диаметрі 3,5 – 4 м, биіктігі 4 – 4,5 м болатын шірімейтін қаңылтырдан күмбез тұрғызылған. Негізгі құрылысы тау тастарынан тік төртбұрышты етіп қаланып, сырты ақ және сұр түсті цемент қоспасына қиыршық тас араластырылып сыланған. Кесененің ішіндегі мазардың биіктігі 160 – 170 см, ені 150 см, ұзындығы 12 м-ге жуық (ұзындығының ұзын болуы — Үкаша атаның басын шапқанда, басы 12 метр жерге дейін домалап барған, содан кейін қаны аяқ астына жатпасын деп, қанымен бірге жерлеген). Кесененің батыс жағында 200 м жерде Үкаша ата құдығы бар.
Аңыз бойынша, Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сенімді серігі әрі күзетшісі болған. Жергілікті тұрғындар “Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса – оқ, шапса – қылыш өтпеген” дейтін ертегіге бергісіз әңгімені ғасырдан-ғасырға жалғап, айтып келеді. Аңызға жүгінсек, қайсыбір мысық пиғылды, іштарлық танытқан дұшпандары қапияда бас салып, Үкаша атаны қапы қалдырып, бақиға аттандырған көрінеді. Таң намазында басы сәждеге енді барғанда дұшпанның қылышының соққысынан жерге салбырап түскен сахабаның мүбәрәк басы ешкімге ұстатпай, құдыққа түсіп кетеді. Ал, құдық болса, жерасты жолдары арқылы, сонау Меккедегі зәмзәм бұлағымен жалғасады дейді, айтушылар. Себебі, құрбан болған сахабаның басы, сол балбұлақтан табылып, пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерленіпті-міс. Бұл – Үкаша атаның «Иә, Алла, менің басым пайғамбарымның аяғында жатса екен!» деген арман-тілегінің орындалғаны болса керек.
Зияратшылар алдымен кесенеге барып, дұға оқып, кейін құдыққа барып шелекпен су алуға әрекет етеді. Құдықтан су шығуы адамның ниетінің тазалығын білдіреді деп есептеледі. Кейде шелекке су шықпауы мүмкін, бұл құдықтың құрылымдық ерекшеліктеріне де байланысты болуы ықтимал.
2019 жылы Үкаша ата кесенесінде «Үкаша ата тарихы» музейі ашылды. Музейде Құран кітаптар, Үкаша атаға қатысты аңыз-әңгімелер, шежірелер, VII–IX ғасырларға тән құмыралар, диірмен, XIX–XX ғасырларға жататын мыс құмғандар және басқа да тарихи жәдігерлер қойылған.
Үкаша ата мазары мен құдығы — тарихи, рухани және мәдени маңызы зор қасиетті орын. Бұл жерге келушілер саны жыл сайын артып, Түркістан өңірінің маңызды туристік және зияраттық нысанына айналып отыр.

