Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Бабайқорған ауылдық округіне барып, ондағы тарихи-мәдени нысан — Үкаша ата кесенесінде болды. Аудан басшысы зиярат орнының қазіргі жағдайымен танысып, келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын бақылаудан өткізді.
Үкаша ата кесенесі – қазақ халқының ислам дінін қабылдау кезеңіндегі аңыздармен тығыз байланысты тарихи-мәдени және діни нысан. Ел аузындағы аңыздарға сәйкес, Үкаша ата – Мұхаммед пайғамбардың замандасы, ислам дінін тарату жолында күрескен жаужүрек сахаба. Ол Түркістан өңірінде ислам дінін насихаттап, көпшілікке әділет пен имандылықты уағыздаған.
Үкаша ата кесенесі – түркі руханияты мен ислам дінінің сабақтастығын бейнелейтін киелі орын. Ол – ұлт рухының, діни төзімділік пен имандылықтың символына айналған мәдени мұра. Сол себепті, бұл жерге зиярат ету үшін жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, көршілес елдерден де мыңдаған турист пен зияратшылар келеді. Осыған орай, аудан әкімі кесене аумағындағы инфрақұрылым, абаттандыру, санитарлық тазалық және келушілерге жасалған қолайлылық жағдайларын жеке назарға алды. Үкаша ата кесенесі халықтың өте көп зиярат ететін ерекше орындарының бірі болып табылады.
Кесене маңын аралау барысында Мақсат Таңғатаров жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, қызмет сапасын арттыру мен тарихи нысанның тазалығы мен сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, зияратшыларға арналған жол белгілері, тұрақ орны, көлеңкелі демалыс орындары мен ақпараттық тақтайшалар орнату мәселелері де көтерілді.
Аудан басшысы аталған нысанның тек рухани ғана емес, туристік әлеуеті жоғары мекен екенін атап өтіп, алдағы уақытта Үкаша ата кесенесі айналасын абаттандыру және қызмет сапасын арттыру бағытында нақты шаралар жүзеге асатынын жеткізді.
Кесене Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени мұра ескерткіштері тізіміне енгізілген, тарихи-туристік орталық ретінде назарға алынған.

