Биыл қазақтың ұлы ойшылы, ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр.
Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын.
Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды.
Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық.
Осы айтулы мерекеге және «Жастар күніне» орай Түркістанда рухани мәні бар іс-шара өтті. Абай ескерткіші маңында ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көшпелі кітап көрмесі өткізілді. Сонымен бірге облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әр шаңырақта Абайдың кітабы мен мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы тұруы керек екенін айтқан болатын. Сол бастаманы Түркістан облысында іске асыру мақсатында қонақтарға, жастарға «Абай жолы» романы топтастырылған төрт томдық кітаптарды тапсыруды жөн көрдік. Бұл кітапты әр оқыған сайын жаңа дүниелермен танысасың, жаңаша ой түйесің. Жастарымыз да кітапты оқып, Абай өмірінің тереңіне үңіледі деп ойлаймын, – деді Нұралхан Көшеров.
Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!
