Патерналистік көңіл-күй – бұл азаматтардың мемлекетке толықтай тәуелді болып, жеке бастамашылдық пен жауапкершіліктен бас тартып, барлық әлеуметтік және экономикалық мәселелердің шешілуін тек мемлекеттің міндеті деп санауы. Мұндай ұстаным қоғамда әлеуметтік масылдық психологиясының қалыптасуына алып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, патерналистік көзқарас ел дамуының тежегіші ретінде қарастырылып, азаматтардың еңбек етуге деген ынтасын төмендетеді. Президент өзінің бірқатар Жолдауларында және ресми жиындарда бұл мәселеге ерекше назар аударған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық үрдісінің белең алуына алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселеге қатысты нақты пікірін білдірді.
«Патерналистік көңіл-күй қоғамда теріс үрдістердің қалыптасуына себеп болып отыр. Адамдар әлеуметтік көмекті еңбекке қарағанда жеңіл жол көреді. Бұл – ұлттың дамуына кері әсер ететін фактор. Бізге еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті азаматтар керек. Мемлекет шын мұқтаж жандарға көмек береді, алайда масылдыққа жол берілмеуі тиіс», – деді Президент.
«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл өзекті мәселеге байланысты Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді:
— Әлеуметтік саясатты қайта қарап, көмек тек шын мұқтаж азаматтарға бағытталуы керек;
— Еңбекке қабілетті азаматтарды еңбек нарығына тарту;
— Азаматтардың жеке жауапкершілігін арттыру мақсатында тәрбиелік жұмыстар жүргізу;
— Әлеуметтік кодекс арқылы патернализмнің алдын алатын заңнамалық тетіктерді енгізу.
Патерналистік көңіл-күй – қоғамдағы прогреске кедергі келтіретін құбылыс. Сондықтан Қазақстанда бұл бағытта кешенді реформалар жүзеге асырылып, әлеуметтік қолдау жүйесі әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарына негізделуде.
Президент әкімдер мен жергілікті басқару органдарына әлеуметтік қолдау тетіктерін қайта қарап, жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту шараларын күшейтуді тапсырды.

