Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бастамасымен Түркістан облысындағы әлеуметтік нысандарға мониторинг жүргізу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Осыған орай Сауран ауданына келген комиссия мүшелері мен министрлік өкілдері «Отбасын қолдау» орталығының жұмысымен танысты.
Мониторингтік топ құрамында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссия мүшелері Баян Жандосова Айтбекқызы мен Назым Жангазинова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсе жетекшісі Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Түркістан облыстық басқармасының бас мамандары Луиза Арымбек пен Раушан Утебаева, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Күміс Мирова және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы Ұлжан Еркінқызы болды.
Кездесу барысында «Отбасын қолдау» орталығының негізгі қызмет бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, некені сақтау және отбасылық жанжалдарды шешу, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға мобильді топтар арқылы кешенді көмек көрсету, қызметті цифрландыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау және гендерлік саясатты ілгерілету мәселелері қаралды. Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы шаралар да талқыланды.
Ұлттық комиссия мүшелері Сауран ауданындағы орталықтың қызметіне оң баға беріп, алдағы уақытта отбасы институтын нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызыметі

