
Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде елімізге танымал бапкер, кезінде бокстан ұлттық құрама командасының Атланта олимпиадасына бастап барған Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған турнирге аяқталды. Бүгін аламан бокс додасының жеңімпаздары марапатталды. Апта бойына созылған бұл халықаралық бокс турнирі биыл өзгеше болып ұйымдастырылды. Шаршы алаңға шыққан барлық жұдырықты жігіттер нағыз бастарында екендіктерін көрсетті. Әлемдік бокс додасында Қазақстанның намысын қорғаған Түркістан облысының талантты саңлақтары Әбдіғалым Абдикарим 67 келі салмақта өнер көрсетіп, алтын медальді қанжығасына байлады.
Шаршы алаңға шыққан түркістандық боксшылар расында да өздерінің мықтылықтарын дәлелдеді. Облыс құрамасы бұл турнирге жоғары леңгейде дайындықпен келіпті. Жанкүйерлер әсіресе 75 келі салмақта жасындай жарқылдаған жерлесіміз әрі бас жүлде иеленген Рамазан Дауетайдың өнеріне тәнті болды. Бұдан өзге де бокс мамандары әр салмақта жеңістің шыңын бағындырған саңлақтардың жекпе-жектерін саралады. Мамандар болашағынан үміт күткен 80 келідегі түркістандық Бекболат Әбдікерімнің бағы жанып, жеңімпаз атанды. Одан бөлек +92 келі салмақтағы Түркістан облысының талантты боксшы Даниаль Сапарбайдың бағы жанды. Кездесуде барлық қарсыластарын тізе бүктірген Даниаль алтын медальді мойнына тақты. Марапаттау жиынына қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбдісалан Нұрмахановтың жары Күлпәш Ғалымжанқызы турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Халықаралық бокс бәсекесіне көрші Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Камбоджа, Моңғолия, Куба боксшылары да қатысып, күш сынасты. Бұл додада қазақстандық былғары қолғап шеберлері өздерінің биік тұғырды бағындырған белестерінде екендіктерін дәлелдеді. Айталық, Түркістан облысы 4 — алтын, 3 — күміс және 6 — қола медаль еншілеп, көш бастады. Ал, командалық екінші орынды Шымкент қаласының боксшылары иеленсе, Алматы қаласының құрамасы үшінші орынды місе тұтты. Бұл жарқын жетістігіміз Париж олимпиада ойындары қарсаңында талай спортшыларымызға серпін береді дейді турнирді ұйымдастыруға ат салысқан Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Шынболат Райханов.
Дәстүрлі бұл халықаралық турнир жыл сайын елімізде бокс спортының дамуына үлесін қосып, талантты боксшылардың танылуына мол мүмкіндіктер беріп келеді. Осылайша бокс жанкүйерлері жекпе-жекте нағыз жұдырықты да жүректі жігіттердің өнерін тамашалап, жүлдеге ие болған жеңімпаз саңлақтарға құрмет көрсетіп тарқасты.
