
Түркістанда жаңадан Білім-инновация лицейі салынып жатыр. Бір ерекшелігі – алғаш рет қыздар лицейі де ашылмақ.
Нысан құрылысына жауапты мердігер компания өкілдері қазірге таңда құрылыстың 77% аяқталғанын жеткізді. Сыртқы-ішкі әрлеу жұмыстары мен техникалық базамен қамтамасыз ету қалды.
Жаңа ғимараттың ішіндегі жатақхана 500 орынға арналған. Ол 2023 жылы қыркүйек айында ашылады деп көзделген. 700 орынды оқу ғимараты базасында 30 сынып, 15 лабораториялық, 23 қосымша кабинет бар. Ал, асханада бір мезгілде 250 адам тамақтана алады.
Оқу ғимаратына жапсарлас орналасқан 500 орынды жатақханасы да бар. Онда ұлдар мен қыздар бөлек оқып, жатақханада да 2 бөлек блокта тұрады.
Лицейге оқушылар 7 сыныптан бастап қабылданады. Ұлдар үшін 400-ге жуық орындық, қыздар үшін 300-ге жуық орындық қарастырылған.
Бүгінде Түркістан Білім-инновация лицейі 2023-2024 оқу жылына 7-8 сынып оқушыларын қабылдау жұмысын бастап кетті. 7-сыныпқа үміткерлер (6-сынып оқушылары) bilemtihan.kz сайты арқылы онлайн форматта құжаттарын жүктейді және емтиханға тіркеледі. Емтиханға тіркелу 27 сәуір, сағат 23:59-ге дейін (Астана уақытымен) жүргізіледі. Емтихан екі кезеңнен жүргізілмек. Қабылдау емтиханы нәтижелері емтихан өткеннен кейін 5 жұмыс күнінен кейін жарияланады.
8-сыныпқа үміткерлер емтиханға тіркелу үшін құжаттарын Түркістан қаласы, Жолбарысхан көшесі 1/1 үй, «Неке сарайы» ғимаратында («Hampton by Hilton» қонақ үйінің жанында) тапсырады. Емтиханға тіркеу 27 сәуір, сағат 18:00-ге дейін жүргізіледі. Қазірдің өзінде қыздар бойынша 7 сыныпқа 300 оқушы, 8 сыныпқа 170 оқушы тіркеліп үлгерген.
