Түркістанда облыстың құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Отырар ауданының мәдениет күндері жалғасып жатыр.
Бүгін Түркістандағы Этноауыл аймағында «Сырлы бояулар сыр шертеді» атты қылқалам шеберлерінің көрмесі және шеберлік сағаты, «Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» атты аудан тарихынан сыр шертетін өлкетану көрмесі өтті. Қала тұрғындарынан бөлек, шетелдік туристер диірменге талқан тарту, күбі пісу, табаға нан жабу, құрт жасау барысын тамашалап, ұлттық тағам түрлерінен дәм татты. Сонымен қатар көрмеде көрсетілген ұлттық қолөнер туындылары да, атап айтқанда кілем тоқу, ұршық иіру, киіз басу, жүн түту дәстүрлеріне құрақ көрпе мен ағаш бұйымдарына өз таңданысын білдірді. Бұдан әрі тағылымды шаралар «Омартасы рухтың – Отырарым» атты ақындар айтысына жалғасты.
Ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту мақсатында сәуір-шілде айларында өтетін фестиваль ертең де көпшілікті тәнті етпек.
Атап айтсақ, 30 сәуір күні сағат 10:00-18:00 аралығында Этноауыл аймағында «Ұлттық ойын – ұлттың игілігі» атты ұлттық спорт ойындарынан сайыс, ауданның жетістіктері, ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңке-көрмесі, сонымен қатар «Ұлы дала дәстүрі» атты салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері, қолөнер, сурет көрмесі мен «Алтыбақан» думаны өтеді.



