Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков лездемелік мәжіліс өткізіп, орынбасарлары мен бөлім басшыларының желдің салдарынан орын алған жағдайларды қалпына келтіру бойынша атқарған жұмыстарын саралады.
4 мамырдан ауа-райының күрт нашарлап, жел екпіні 21-24 м/с жетуіне байланысты Түркістан қаласында электр желілерінің тұйықталуынан жарық сөну деректері өскен. Сонымен қатар, Қ.А.Иасауи мұражайының, бір кәсіпкерлік нысанның шатыр жабындысының ұшуы тіркелді. Сынып құлаған ағаштар дер кезінде тазаланып, алынуда. Бұл үшін “Жасыл Түркістан” мекемесінен 6 бригада жұмылдырылды. Электр желілерін де мерзімінде қалпына келтіруге жұмысшылар бекітілген. Әйтсе де, желдің екпіні жұмысқа кедергі келтіріп жатқаны айтылды.
Төтенше жағдай басқармасының соңғы мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласындағы ең екпінді жел қуаты 28 м/с болған.
Нұрбол Әбдісаттарұлы жұмыстың күшейтілген режимде жүргізілуін талап етті:
— Тұрғындар қауіпсіздігі маңызды. Сондай-ақ, инфрақұрылым жүйелерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге күш салу керек. Уақытпен санасатын кез емес. Сіздерден жедел әрекет, сапалы қызмет сұралады, — деді ол өз сөзінде.
Шаһар басшысы тәулік бойы бекітілген кезекшілердің қызметін жеке бақылайтынын да ескертті.
Құрметті қала тұрғындары!
Төтенше жағдай департаменті шатырлардан, электр бағаналарынан, ағаштардан және желмен ұшып адамға зиян тигізетін заттардан алшақ жүру, балаларды мүмкіндігінше далаға шығармау, ашық жерде от жақпау керектігін ескертеді.

