Бүгіннен бастап, №5 және №5А бағыттарында қатынайтын түркістандықтар діттеген жеріне жаңа автобуспен барады.
Шаһарға 10 дана сыйымдылығы жоғары автобус әкелініп, №5 және №5А бағыттарына қатынауда.
Қала тұрғындарының өтінімдеріне сәйкес аталған бағыттың жол жүру сызбасына өзгеріс енгізілді.
Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңартылған қоғамдық көліктер салқындатқыш жүйесімен, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен қамтылған.
Одан бөлек, мұнда жұмыс сапасын жақсарту және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қолға алынған. Мәселен, Түркістан ҚПБ-мен бірлесе жұмыс атқарып, қалта ұрлығының алдын алу, жүргізушінің жол қауіпсіздік ережелерін сақтауын, жүргізушінің қызметін бақылау үшін әр автобусқа 3 бейнекамерадан орнатылған.
Жалпы, Түркістан қаласында қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Бұл бағыттарға 2 тасымалдаушы мекеме («Жолаушы» ЖШС-і және «ТехПрофАвто» ЖШС-і) қызмет көрсетеді.
Екі мекеме жыл басынан бері сыйымдылығы жоғары жаңа 29 автобус алып, қолданысқа енгізді.
Жоспар бойынша жыл соңына дейін №4, 4 А, 3 бағыттарындағы автобустар кезең-кезеңімен жаңартылмақ.



