Түркістанда балалардың жазғы демалыстарын қызықты әрі пайдалы өткізу үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда, «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубында «Аквачеллендж» су эстафета сайысы өтті. Мекеме директорының орынбасары Асылзат Ибраеваның айтуынша, бұл сайыстың балаларға берері мол.
– Бүгін сарайымыздағы үйірмелерге қатысатын балалар өзара сайысып жатыр. Бұл іс-шараның басты мақсаты – оқушыларымыздың, жалпы жасөспірімдердің спорттық ойындарға деген қызығушылығын, жылдамдығы, дәлдігі мен ептілігін арттыру. Балаларды ұжымдық жұмысқа, бірге әрекет етуге үйретіп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Осы жарысқа қатысқан және көрермен болған барша бүлдіршіндер бүгін бір сергіп, серпіліп қалды деп ойлаймыз. «Оқушылар сарайындағы» 60-тан астам үйірме жаз бойы балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін қызмет етеді, – деді Асылзат Ибраева.
Жарысқа түрлі үйірме оқушыларынан құралған 6 топ: «Достық», «Бірлік», «Пантера», «Алаш», «Beeline» және «Болашақ» командалары қатысты. Ең белсенді 30 оқушы 6 кезең бойынша сайысып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, «Пантера», «Алаш» және «Болашақ» топтары ІІІ орынды місе тұтса, «Достық» және «Beeline» топтары ІІ орынға ие болды. Жас таекводошылардан құралған «Бірлік» командасы жеңімпаз атанды. Жүлдегерлерге арнайы диплом мен медаль табысталып, бас бәйгені қанжығалаған командаға кубок тапсырылды.
Айта кетейік, мұндай көңілді сайыстар мен түрлі іс-шаралар жаз бойы жалғасатын болады.



