2025 жылы Қазақстанда Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Композитордың шығармашылығын насихаттау мақсатында елдің түрлі өңірлерінде мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Осы ретте,Түркістан қаласында қазақтың вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Өнерім – көңіл шуағым» атты зағип жандар арасындағы ән және көркемсөз байқауы ұйымдастырылды.
Байқау мақсаты: зағип жандардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, қоғамға олардың талантын таныту, инклюзивті орта қалыптастыру, әлеуметтік белсенділікті арттыру болып табылады.
Маңыздылығы жайлы айта кететін болсақ, бұл шара зағип жандарға өзін-өзі көрсетуге, қоғаммен араласуға және шабыт алуға үлкен мүмкіндік берді. Сонымен бірге, көпшілікке олардың шынайы өнері мен рухани әлемін көрсетіп, тең мүмкіндіктерді қолдау идеясын насихаттайды.
Сахнаға шыққан 20-ға жуық өнерпаз өз жүрегінен туған үнімен көрерменді тебірентіп, жан дүниемізге нұр құйды. Әр орындау – шынайы шабыт пен өмірге деген құлшыныстың көрінісі болды.
Шараға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, «Әйелдер алқасының» төрайымы Ұлжан Мұстафаева және қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов арнайы қатысып, қатысушыларға ақжарма тілектерін арнады.
Әділқазылар алқасының құрамында дәстүрлі өнердің шеберлері Ақмарал Көлбаева, Майгүл Тұрыскелдиева және музыкалық жетекші Райымбек Бақытұлы төрелік етті.
Кеш барысында Шәмші туралы естеліктер айтылып, әр әннің артындағы сыр шертілді. Бұл – ән мен тағдыр, өнер мен өмір тоғысқан ерекше рухани кеш болды.
Зағип жандар — көру қабілетінен толық немесе жартылай айырылған, ерекше қажеттілігі бар азаматтар. Олар қоғамның бір бөлшегі ретінде өмірдің барлық саласына қатысуға құқылы.
Байқау соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Өнер – шекарасыз. Жүректен шыққан үн – шынайы шабыттың үні.



