Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті лездемелік жиын өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібінде алғашқы болып азаматтарды әскери қызметке шақыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Нұрлан Дүйсебаев баяндама жасады.
Келесі болып, секторларда атқарылған жұмыстар жайында «109» байланыс орталығының директоры Жасұлан Қожахмет ақпарат берді.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау және декларация тапсыру мәселесі бойынша қала әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы Болат Сариев баяндама жасады.
Баяндамашыларды тыңдаған қала әкімі бірқатар мәселелерге тоқталып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, тұрғындар арасында әскерге бару мен ел алдындағы борышты өтеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, жастар арасында ел қорғаны болуға бағытталған насихат шараларын жиі ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, қалада атқарылып жатқан жұмыстардағы кемшіліктерді жою, берілген тапсырмалардың орындалу қарқынын арттыру қажеттігін айтып, жұмысты жүйелеу керектігін ескертті. Қала басшысы бірқатар жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

