Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық бастама ретінде бағалап, оның жүзеге асырылуын жалғастыруды тапсырды. 2020 жылғы Жолдауында ол ауылдағы өткір проблемаларды шешуге бағытталған бұл бағдарламаның маңыздылығын атап өтті.
2025 жылы Мемлекет басшысы ауылды дамытуға арналған барлық мемлекеттік қолдау шараларын, соның ішінде «Ауыл аманаты» мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларын бір жүйеге біріктіруді тапсырды. Бұл инфрақұрылымды жаңғырту мен бизнесті қолдауға басымдық беруге бағытталған.
Президенттің айтуынша, ауылды көркейту – стратегиялық міндет, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
Осы бастамалар негізінде, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Көкенов «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қалаға қарасты Байылдыр ауылында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары барысын аралады.
Бағдарлама аясында Байылдыр ауылында 0,72 шқ құрайтын 4 көшесінің автомобиль жолына және 2,27 шқ құрайтын 4 көшесіне аяқ жолдар салу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Қала әкімінің орынбасары нысандарды аралау барысында әзірленіп жатқан жол негіздеріне тоқталып, ескерту жасады. Атап айтқанда жол негізіне төселініп жатқан материал құрамында топырақтың көп екендігін ескертіп, 1 апта мерзімде нормативке сәйкес келетін материалдарды төсеуді тапсырды.
Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарнақ ауылында жүргізіліп жатқан 3,65 шақырымды құрайтын 5 көшенің орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Нысандарды аралау барысында жауапты мердігерге жұмыс қарқынын күшейтіп, жұмыс өндірістік кестесінің сақталуына аса көңіл бөлуді және жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды ескертті. Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары «Кентау қаласы, Д.Қонаев даңғылының 2,35 шқ автомобиль жолдарын реконструкциялау жұмыстары» жұмыс жобасы бойынша мердігер, техникалық қадағалаушы және бас жобалаушы мекемелердің өкілдерімен техникалық кеңес өткізді.
Кеңес барысында жоба бойынша атқарылатын жұмыс түрлері, өндірістік кестені бекіту мәселесін талқылады. Жоба бойынша реконструкциялау жұмыстары ағымдағы мамыр айының соңына дейін бастау алатын болады.

