«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген қасиеттерімен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық…»
Абай
Ұлыларды зерттейік, зерделейік, ұлықтайық, аспандата көтерейік, ұлағатты еңбектерін еске сақтап, ұрпақтарға жеткізіп, дем берейік құрметті қазақ халқы. Оның жүрегінің үлкендігін, жан-дүниесінің кеңдігі мен жазирасын кім түсінер бізден басқа. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген ұлағатты сөз бар. Сол себептен бүгінгі туған күн иегері Орманова Дана Садыққызының күнде айтыла бермейтін қандай қырына тоқталсақ та, артықтық етпес. Бүгін есімі елімізге кеңінен танымал. өмірден өз орнын тауып, бүкіл саналы ғұмырын білім мен қайырымдылыққа арнаған тұлғаның өмірбаянымен оқырмандармен бөліскім келді. Оның өмірі мен атқарған ісі жас буынмен қатар, өзімен қатарласа қызмет етіп жүрген барлық замандастарына да үлкен өнеге. Осынау өнегелі өмірінде «Білімді болудың мақсаты мансап емес, қоғам мен халқыма қызмет ету» деп білген ұлағатты тұлғаның әрбір әрекеті, берген білімі барлық шәкірті үшін қашан да ұмытылмас дүние. Қажырлы еңбегі мен басқа да қабілет-қасиеттерін ескерген жөн деп шештім.
Дана Садыққызы 1957 жылы 11 мамырда Бәйдібек ауданында дүниеге келген тұлға. Алғабас ауданындағы С. Ерубаев орта мектебін бітірген соң Алматы қыздар педагогикалық институтын педагог-психолог мамандығы бойынша тәмәмдап, еңбек жолын 1979 жылы Түркістандағы С.Қожанов мектебінен бастаған. 1984-2004 жылдары Түркістан көмекші мектеп-интернатында тәрбиеші, мұғалім, психолог болып мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеген. 2004 жылы облыста ашылған Түркістан психологиялық-педагогикалық орталықтың меңгерушісі болып тағайындалды. Жаңа ашылған мекеменің жұмысын жандандыруға Дана Садыққызы ерекше көңіл бөлді. Мамандармен бірге ауыл, қала мектептерін аралап, мүмкіндігі шектеулі балаларды анықтап, есепке алып, медико – педагогикалық комиссияға түсіруге дайындап, бұл саланы өз ісіне жетік маманы екенін дәлелдей білді. Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласына арнайы барып, облыста жоқ «сенсорный парталар» әкеліп, мүмкіндігі шектеулі балалармен нақты жұмыс жүргізуді ұйымдастырды. Облыстық, қалалық әкімшіліктердің алғыс хаттарымен марапатталған Дана Садыққызы ерен еңбектерінің арқасында Түркістан қаласының 2004 жылғы «ЖЫЛ АДАМЫ» атағына ие болды. Осы уақыт аралығында ол өз іскерлігі мен табандылығын таныта білді. 2006-2007 жылдары Облыстық білім бөлімі басқармасының мақтау қағаздарына ие болса, Ұстаздар күніне орай 5 қазан күні Қалалық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының мақтау қағазымен де марапатталды.
Дана Садыққызы қала мектептерінің психологтарымен тығыз жұмыс жасады. Атап айтқанда, «Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып — тәрбиелеуде психологтың ықпалы» атты тақырыпта мектеп психологтарымен семинар — кеңес өткізіп, көкейтесті мәселелер төңірегінде кеңес берді. Сонымен қатар 2008 жылы жаңа технологиялар, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының қолдауымен өткен «Оқу — тәрбие үрдісінде психологиялық қызмет жүйесін ұйымдастыру жолдары» атты дөңгелек үстелде өткізу барысында өз іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалап ОҚО білім басқармасының мақтау қағазына ұсынылды.
Түркістан қаласындағы «Психологиялық түзету кабинетінің» іс — шаралары «Жас Алаш», «Оңтүстік Қазақстан», «Түркістан», «Ұстаз» мерзімді басылымдарында жарық көріп, «Қазақстан — Шымкент», «Тұран – Түркістан» телеарналарынан хабарлар мен бейнесюжеттер берілуі, Дана Садыққызының мүмкіндігі шектеулі балалардың тыныс – тіршілігі, қалыптасуы жолындағы еңбектерімен танымал. Осы ізденістің нәтижесінде Түркістан қаласының әкімі Қайрат Молдасеитов мырза өз тарапынан «Психологиялық педагогикалық түзету кабинетінің» құрылысы салынуына 2010 жыл 26 ақпан күні қаулы шығаруына, Орталықтың жаңа ғимаратын салдыртуға себепкер де Дана Садыққызы болатын.
2011-2013 жылдары Түркістан Көмекші мектеп интернатының директоры. Бұл да болса үлкен ізденістің жемісі. 2011 жылы «Балаларды қорғау күніне» «психологиялық педагогикалық» мекеменің ашылу салтанаты болып, пайдалануға берілді. Сол жылы Қ.Р. «Нұр Отан ХДП» бірінші орынбасары Н.Нығматуллинның Алғыс хатымен марапатталды.
2013 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіповтың «Алғыс хатымен» марапаталды.
«ВІ Жұлдызай» қайырымдылық қорының директоры Г.Исабаеваның «Алғыс хатымен» марапатталды. 2013 жылы Шымкент қалалық кәсіподақтан «Ұлағатты ұстаз» төс белгісімен марапатталды.
Ал 2013-2015 жылдары Леңгірдегі құлағы нашар еститіндер мектеп-интернатында, Шымкент ҮМІТ мектеп-интернатында директор міндетін атқарды. Көп жылғы мүмкіндігі шектеулі балалармен атқарған тәжірибесін ары қарай жалғастыру мақсатында 2015 жылы «ШҰҒЫЛАЛЫ ТАҢ» қайырымдылық қорын ашып мүмкіндігі шектеулі балалармен осы күнге дейін жұмыс жасап келеді. Қырық жылдан астам қажырлы еңбегі бағаланып аудан, облыс, Республикалық деңгейде 70-тен астам басылымдарға шығып, көптеген марапатқа ие болды. Қазақстан Республикасының 25 жылдығына орай Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған арнайы алтын төс белгісімен марапатталды. «Бейбітшілік әлемі», «Ұлт мақтанышы» медалдарымен марапатталды. Нұр Отан партиясының «КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» жобасы аясында аудан, қала, облыстарда «Қайырымдылық қадамдары» атты кештер өткізді. Жоба аясында ауру балалары бар ата-аналарға, ерекше жандардың өздеріне жан-жақты көрсетілуіне жағдай жасалынып, алдынан мүмкіндіктер ашылуына күні бүгінге дейін Дана Садыққызы белсене атсалысып келеді. Барлық өткізілген іс-шараларын жоспарға сай ақпарат құралдары арқылы жариялап отырғанына бәріміз куәгерміз. Асау арналар мен мөлдір бұлақтардың көзін ашатын да, олардың үлкен дарияға барып қосылуына бірден-бір жағдай жасайтын да осындай жүрегі кең тұлғалар. Байсалды басшы, ерік-жігерге толы демекші 2019 жылы Дана Садыққызы «Ұлт мақтанышы» төсбелгісінің иегері. Тегінде адами игі қасиеттер — адалдық, адамгершілік, кісілік, кішілік, қарапайымдылық пен қайырымдылық сынды сапалық белгілердің орны ерекше екендігі белгілі. Сондықтан жақсы қызмет, үлкен жұмыс, биік мәнсап – бәрі өткінші; бүгін бар, ертең жоқ дүниелер. Ал халыққа керегі, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық адамгершілік пен адами қасиет. Бұлар адамның ана сүтімен беріліп, өзімен бірге мәңгі бірге жүретін асыл белгілер. Бұрын мүмкіндігі шектеулі жандар деп атаған адамдар бүгінде Ерекше қажеттіліктері бар жандар. « ӘЛEМДІ ТЕҢ КӨРГЕН, ЖҮРЕКТІ ТЕРБЕГЕН » бағдарламасының айқын мақсаттарының бірі мемлекетімізде ерекше жандарға сау адамдармен бірдей жағдай жасалынып, оларда барлық салаларда білім алып, еңбек етіп, білім, спорт, өнермен шұғылданып, шетелдерге барып, әлемдік білім, өнер, спорт жарыстарына да қатысқанын қалайды. Бұл бағдарламаның негізгі ерекшелігі мен өзегі ерекше қажеттілігі бар балаларға бұдан да жақсы, заман талабына сай жағдай жасау. Қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына (Ереше жандар, көпбалалы, тұрмысы нашар отбасылары, қарттар мен жетім балаларға) әлеуметтік-материалдық көмек көрсетіп қолдау. ШҰҒЫЛАЛЫ ТАҢ қайырымдылық қорының ерекше жандарға бағытталған ауқымды жұмысын жалғастырып, қайырымдылық кештер, акциялар, конкурстар, фестивальдер өткізу. Ерекше жандармен жұмыс істейтін (дефектолог, пихолог, социолог, логопед, сурдо,тифло) мамандардың жеткілікті қамтамасыз етілуі мен біліктілігін көтеруге атсалысу. Мен үшін Дана Садыққызы осындай асыл қасиеттердің барлығын бір бойына сіңіре білген өнегелі өмір иесі. Қандайда болсын жұмысты меңгеру үшін бір-ақ әдіс бар, ол үйрену. Сізден үйренерміз көп Түркістан қаласының құрметті азаматы. Басты мақсаты Түркістан қаласынан Ерекше жандарға арналған арнайы ғимараттар, оңалту орталығы, интернат, кеңес беру, логопункттер салынуына мұрындық болу. Арманы, жастары 16-18 ден аса арнайы интернат босағасынан шығып, үлкен өмірге аяқ басқан ерекшежандарға арналған мәдени-рухани, спорттық, оқу залы, қолөнер шеберханасы сияқты қажеттіліктерін өтейтін орындардың аймақта көптеп салынуына ықпал ету. Басқарушылық қызметте ұйымдастырушылық шеберлік, адамдармен іскерлік қарым-қатынас орнату, көпшілікпен санасып жұмыс істеу оңай емес. Халықтың дәстүрі, салты, адамның адамгершілігі, мінезі сияқты мәселелер бойынша Түркістан төрінде ұлы тұлғамен әңгімелескенімде алуан түрлі мысал келтіріп, әңгіменің шырайын кіргізгені есімде. Әрбір сөзінен мәдениеттіліктің, терең білімділіктің нышанын аңғарасың. Осылайша өзінің сөзімен, ісімен, жүріс-тұрысымен бізді де, әріптестерін де тәртіпке, адалдыққа, тазалыққа, мәдениеттілікке үйрете білген тұлға. Мұндай тұлғаның басты ерекшелігі – тазалығында. Жаны таза жанның еткен еңбегі де таза болып сақталатыны ақиқат. Өзінің тындырымды істерімен, батыл бастамаларымен танымал тұлға. Абырой-беделінің кеңдігіне қарамастан қарапайым болуы ол кісінің тектілігін сипаттайды. Ұрпақтар сабақтастығына аса мән беруі, жасы үлкен азаматша болса да ізгілік ілтипатын көрсетіп, жастарға арқасүйер қамқор ана бола білуі оның көңіл дархандығын бейнелейді. Әрбір сөз саптауының, әрбір әңгімесінің астарында адамгершілік құндылықтар жатыр. Қарапайым ғана өмірдің мысалын көңіл көкжиегіне ерекше әсерлеп жеткізеді. Кей сөздерінің тереңдігі соншалық, уақыт өте келе ғана оның дәл айтылғанын түсінесің. Ол ұстазға тән қасиет деп білемін. жастардың жанашыры. Осы қуанышты күні Сізге деніңіздің саулығын, шаңырағыңызға ырыс байлығын, жүрегіңізге мәңгі жастық жалынын, көңіліңізге сезімнің шалқыған шаттығын тілеймін. Әрдайым осы тыңғылықты да тындырымды қалпыңыздан танбай, табыстан табысқа жете беріңіз. Отбасыңыздан ынтымақ, басыңыздан бақ таймасын! Көңіліңіз ғұмыр бойы көтеріңкі болып, өмір айдынында қайғы-мұңды білмей, еркін жүзе беріңіз. Дос-жаран мен туған – туыстарыңыздың алдында,қоршаған ортаңыз бен әлеуметтік желіде абыройыңыз әрдайым артып, аңсаған арманыңыздың асуларына жете беріңіз құрметтім!
Мақаланы жинақтаған: Д.Батырханқызы.


