Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылу жүйесін қалпына келтіру және жаңғырту мәселесін бірнеше рет көтеріп, бұл саланың қазіргі мүшкіл халге жетуіне мемлекеттік органдардың қателіктері мен олқылықтарынан сабақ алмауы себеп болғанын атап өтті.
Президент өңірлердің әкімдерімен жылу беру мәселесін талқылап, апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді тапсырды. Үкіметке жылыту маусымына дайындық кезінде жіберілген олқылықтар туралы айтылып, барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету талап етілді.
Президент Қ.Тоқаевтың бұл бастамалары Қазақстандағы жылу жүйесінің сенімділігін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Осы ретте, Кентау қаласындағы стратегиялық маңызы бар нысан — №5 Жылу энерго орталығын ауқымды реконструкциядан өткізу міндеттері басшылықтың бақылауында. Қала тұрғындарын жылумен қамту мақсатында мекеменің қазандықтарын жаңарту, турбогенераторын жөндеу, магистральды жүйелерін қалпына келтіру, қосалқы станцияларының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде кешенді жұмыстар қолға алынды. Бұл міндеттердің атқарылуы партия өкілдерінің жіті қадағалауында болып, партияның облыстық филиалы «Кентау сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысын жүйелі назарында ұстап келеді.
Партия бақылауына алған нысанның дайындығын кезекті мәрте зерделеуден өткізуде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев аса ауқымды өндірістік кешеннің құрамдас бөлігі болып табылатын ішкі орам жылу жүйелерін қайта құру жұмыстарының барысын қадағалады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басында жүрген жауапты азаматтармен кездесіп, жұмыс барысын талқылады, өндірістік мәселелер бойынша пікір алмасты.
Айта кету керек, қазіргі таңда кәсіпорындағы ауқымды реконструкциялық жұмыстар шеңберінде, ішкі орамдық жылу жүйелерін қалпына келтірудің бірінші және екінші кезеңдері бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары қатар атқарылуда. Жобаны іске асыруға жұмылдырылған құрылыс бригадалары бірінші кезең аясында жалпы ұзындығы 22,2 шақырымды құрайтын жылу жүйелерін қайта жаңарту міндеттерін атқаруда. Осы жұмыстар шеңберінде тозығы жеткен жер асты жылу құбырлары демонтаждалып, орнына жаңа құбырлар орнатылуда. Дәл осындай жұмыстар екінші кезең бойынша да атқарылып, жалпы ұзындығы 44,8 шақырым болатын жылу желілері жаңартылуда.

