Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық бұзушылықтың алдын алу маңызды міндет екенін бірнеше рет атап өтті. Ол қоғамда тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін алдын алу шараларын күшейту, жастарды құқықтық тәрбиеге бағыттау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдерінің арасындағы үйлестіруді нығайтып, құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін кешенді жұмыс жүргізуді тапсырды. Президенттің бұл көзқарасы — Қазақстандағы қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету стратегиясының негізгі құрамдас бөлігі.
Соған орай, қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынның күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды.
Бірінші болып сөз алған «Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры Арай Сауранбекова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жұмыстар жайында баяндама жасады.
Келесі кезекте қалалық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Абдрахман Тоқбергенов қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік және меншікке қарсы қылмыстардың алдын алу шаралары бойынша ақпарат ұсынды.Қала басшысы баяндамаларды тыңдап, құқық бұзушылықтың алдын алу және салдарымен күресу бағытында нақты ұсыныстар беріп, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

