Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда тамақтану мәдениеті мен тәртібін сақтау маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Ол тұрғындардың санитарлық талаптарды ұстануы, тазалықты қадағалауы және қоғамдық орындарда мәдениетті мінез-құлық танытуы — қоғамдағы жалпы мәдениеттің көрсеткіші екенін айтты. Сонымен қатар, Президент қоғамдық тамақтану орындарының сапасын жақсартуды, қызмет көрсету деңгейін көтеруді және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Бұл шаралар халықтың денсаулығын қорғауға және қоғамдық орындардың жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Соған орай, Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен қоғамдық тамақтану орындарында тағамнан уланудың алдын алу мақсатында кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қала әкімінің орынбасары Нұрбол Көкеновтың төрағалығымен өткен жиында қоғамдық тамақтану нысандарының санитариялық-эпидемиологиялық ахуалы талқыланды.
Кентау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Н.Рабат қала аумағындағы мейрамхана, дәмхана және фастфуд орталықтарына қойылатын талаптар туралы баяндама жасап, бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.
Жиын қорытындысында қоғамдық тамақтану орындарына тұрақты бақылау жүргізіліп, тұрғындардың тағам қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатыны атап өтілді.

