Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аудан әкімдерінің халықпен тұрақты және жеке қабылдаулар өткізуі туралы нақты тапсырма берді. Бұл бастама «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды бөлігі болып табылады.
Президент Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет екендігін тапсырды. Осы тапсырма аясында барлық деңгейдегі әкімдерге жыл бойы халықпен кездесулер өткізу міндеттелді. Бұл кездесулерде тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудару қажет.
Сауран ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Бабайқорған ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында округ әкімі Жасұлан Мыңтаев 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді.
Ауылдық округтің бюджеті 112,6 млн теңге көлемінде бекітіліп, оның 48,5 млн теңгесі 5 айда игерілді. Салықтық түсімдер жоспары 222%-ға артық орындалып, 12,3 млн теңге өндірілді. Мал шаруашылығында 4050 ірі қара, 33 356 ұсақ мал, 2067 жылқы тіркелсе, ауыл шаруашылығы мақсатында 2220 гектар жерге түрлі дақылдар егілді. Инфрақұрылымды дамыту бағытында 15 аялдама абаттандырылып, тротуарлар төселді, балалар және спорт алаңшалары орнатылды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өзекті мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, ауыл шаруашылығына қатысты нақты қадамдар күтілетіні айтылды. Жиын қорытындысында аудан әкімі мен ауыл әкімі тұрғындар көтерген мәселелерді назарға алып, алдағы жұмыс жоспарларына енгізетінін атап өтті.

