kazaqpar.kz
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
  • Әлем жаңалықтары
  • Руханият
  • Спорт
  • Туризм
No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
  • Әлем жаңалықтары
  • Руханият
  • Спорт
  • Туризм
No Result
View All Result
kazaqpar.kz
No Result
View All Result
Home Жаңалықтар

«Көне Сауран-Жаңа Сауран»

20 июня, 2025
in Жаңалықтар, мәдениет, Туризм
0
«Көне Сауран-Жаңа Сауран»
0
SHARES
16
VIEWS
Share on FacebookShare on Twitter

Сырдарияның орта ағысында орналасқан ортағасырлық ірі қалалардың бірі – Сауран. Сауран (VI-XVII ғғ.) Түркістан қаласының батыс жағында 40 км, қазіргі Жаңақорған ауданы, Манап ауылының оңтүстігінде 15 км жерде орналасқан. Қаланың орнына жүргізілген  археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттарға қарағанда қаланың іргесінің қалануы VI ғасырдан басталады. Қолөнердің дамуы –Х-ХІІғғ.

Х ғасырдағы араб  (Ибн Хаукаль, Мақдиси, Истахри) жазба деректері қаланың жақсы салынған құрылыс жүйесі –мешіт, медреселері және сауда орындары туралы мәліметтер береді.

Қаланың қазіргі кезде сақталған дуалының биіктігі 7-8 м және оны айналдыра қазылған ордың кеңдігі мен тереңдігіне қарағанда, мықты бекініс болған.  Археологиялық зерттеулер нәтижесінде қаланың XVII ғасырға дейін өмір сүргендігі анықталған. Қаланың үстінен түсірілген әуе суреттері оның маңындағы қыстақ, кенттердің орнын, егін суғаруға қазылған арық, тоғандардың ізін тапты.

Сауран – Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырымдай жердегі ежелгі ортағасырлық қаланың, ауылдық округтің, темір жол стансасының аты. Сырдарияның оң жағы мен темір жолдың батыс беткейінде орналасқан. Шығыстанушы ғалым П.И.Пашино Сауран қамалының аты бекіністі жаудан бес рет тазартып, өзіне қайтарып алған Сауран батырдың ныспысымен байланысты» дейді.

Сауран қаласы жайлы алғашқы деректер Х ғасырдағы араб саяхатшылырының жазбаларында кездеседі. Демек, бұл қала бұдан көп жыл бұрын тарихшылырдың айтуынша, VI ғасырда пайда болғандығын аңғартады.

Х ғасырда өмір сүрген арабтың географ-ғалымы  Мақдиси Әл-Мутаххар Ибн Таһир жиырма екі тараудан тұратын «Дүниенің басталуы мен тарихы» атты кітап жазған. Осы еңбегінде ол: «Сауран – бірінің сыртынан бірі 7 қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, сарай, мешіт бар. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғануға арналған шекаралық бекіністі қала» дейді. Сондай-ақ қала ішінде шайқалып тұратын 2 мұнарасы бар ғажап медресе де болған. Бұл екі мұнараның арасы шынжырмен байланып, олардың әр күмбезінің астына бөрене бекітілген, егер біреуін қозғаса шынжыр дірілдеп, екінші мұнара құлап бара жатқандай көрінеді екен. XVI ғасырдың тарихшысы ибн Рузбихан 1509 жылы наурыз айының ортасында Сауранға келіп, оның әдеттен тыс көрікті қала екенін айтады. Ибн Рузбихан Сауран туралы: «  Бұл қала керемет сұлу және шексіз көңілді, ауасы өте таза, адам жанын көңілдендіріп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақша, әр түрлі ағаштар, қаланы айналдырып биік дуалдар қоршап тұр, ал оның айналасында-ор, ешқандай жау ала алмайды. Бұл қаланың топырағы білім мен ғылымның ордасы. Халқы ерекше білімқұмар, зерек және қонақжайлылық олардың табиғатына әбден сіңген» десе, 1515-1516 жылдары Сауран қаласында тұрған парсының ақын-жазушысы Зайнаддин- Васифи естелігінде қаланың төңірегінде арықтармен, өзендермен және кәріздермен суландырылған ауыл-шаруашылық алабы болғанын және олардың игерілуі туралы құнды деректер береді.

Сырдария алқабында  орналасқан ортағасырлық қалалар көбінесе дөңгелек сипаттағы, моңғолдарға дейінгі жоспарлау негіз етілген. Дәстүр бойынша тік бұрышты етіп жоспарланған қалалар оны кейінгі кезде де сақтап қалған.

Сол заманда Қаратау етегінен аққан өзендер Сырдарияға құйылып жататын. Көктемгі тасқын суы мен өзен сулары жайылымдар мен шабындықтарға жайылып, қала төңірегін көгерісі мол аймаққа айналдырған. Сауран қаласы қымыз бен шұбаттың отаны атанған. Сайрам, Отырар, Сауран арқылы солтүстікке қарай Ұлы Жібек жолының өтуі қаланың өркендеуіне аса қолайлы жағдай туғызған. Қала көшпелі және отырықшы өркениеттің тоғысқан жерінде үлкен сауда орталығына айналған. Сауран базарында Қытай жібегі мен Орта Азияның асыл бұйымдарын тиеген керуендер күндіз-түні үзілмейтін болған. Сауранның маңайында жер өңдеу мәдениеті ертеден –ақ дамыған. Егіні суармалы болған. Сыр өзенінен үлкен арықтар қазылған. Қала тұрғындарын осындағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған. Тіпті, сыртқа да астық сатқан.

Кәріздік суландыру жүйесі Қазақстанда әзірге тек Сауран қаласында табылып отыр.

Сауран қаласы сонымен қатар үлкен қорғаныс орны, бекініс қамалы болды. Қаланы биік дуалдармен қоршап, ол дуалды айналдыра тереңдігі 3 метрге дейін, ені 15-20 метр келетін ор қазып су жүргізіп қойған. Қалаға екі қақпа арқылы кіретін болған.

Қаланың бас қақпасы қабырғаның солтүстік-шығыс бөлігіне, екінші қақпасы оңтүстік-шығыс бөлігіне орнатылған. Ал бұдан басқа шығыс жағындағы мұнараның ішінде қалаға кіріп- шығатын құпия есігі болған.

Қаланың осы екі қақпасының алдындағы ор үстіне қорған қақпасына кіретін аспалы-жиналмалы көпір орнатқан. Бұл аспалы көпір сақтық үшін түнемеге жиналып қойылады екен.

Қала ішіндегі қоймаларда азық-түлік пен ауыз судың мол сақтық қоры болған. Қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған. Қорған қабырғаларының әр жерінде және биік мұнараларында сыртқы жауларға қарсы қойып, оқ ататын арнайы орындар жасалған.

Дала билеушілерінің Сырдария қалаларын иелену жолындағы қиянкескі күресі кезеңінің барысында бірінші кезекте қалалардың өзі зардап шекті. Бұл кезеңде олардың әрқайсысында күшті бекініс жүйесі болуға тиіс еді. Соңғы орта ғасырлар тарихшылырының шығармаларында қала қабырғаларының биіктігі мен беріктігінің, орлар тереңдігінің мейлінше әдемі суреттелетіні тегін емес.  Сауранның XVI ғасырдың соңғы ширегінде қалалық бекіністерінің сипаттамасын Хафиз-и Таныш қалдырған. Хафиз Таныш: «Оның мықтылығы соншалық, оның мұнарасы мен дуалын бұзу ешкімнің де ойына келмеген», -деп жазды. Сауран қаласының орны солтүстік-шығыстан оңтүстік –батысқа 800 метр, ал ал солтүстік-батыстан оңтүстік шығысқа 550 метрге дейін созылып жатыр. Қаланың айналасы екі жарым шақырымдық қисық төртбұрышты ормен қоршалған. Қорғанның құлап, шөккен қазіргі қалдықтарының биіктігінің өзі 3 метрден 6 метрге дейін жетеді.

Аты әлемге тараған Сауран қаласы туралы мағлұмат жазба деректерде ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының ауыз әдебиетінде де кездеседі. Асанқайғы бабамыз Жерұйықты іздеп қазақтың кең-байтақ даласын аралап жүргенінде Желмаясының басын осы қалаға да бұрғаны туралы дерек бар. Қаланы көрген соң: «Әттеген-ай, қорғанды ай тақырдың бетіне, шөлстанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ-түбі тұрақты қала бола алмас»,- деп толғаған екен әйгілі абыз.

XIV ғасырдың аяғында атақты Әмір Темір Түркістан қаласындағы  Қожа Ахмет Иасауи зиратының басына алғашқы қышын өз қолымен қалап, сәулетті ғимарат (кесене) салдырды. Осы ғимаратқа Сауран топырағынан күйдірілген қыш дайындалады. Дайындалған қышты көлікпен тасытпай, Саураннан 30 шақырым жердегі Түркістанға дейін 40 мың құлды қатар тұрғызып, қышты бірінің қолынан біріне ұзатып жеткізген деген аңыз бар. Сауран қаласы Сыр бойының өзге қалалары секілді талай аласапыран заманды басынан кешірді. Алғашқыдан бұл өлкені қаңлы тайпалары биледі. Одан кейін Сауран қаласы біраз уақыт Оғыз мемлекетінің құрамында болды. ХІІ ғасырда қыпшақ мемлекетінің ірі саяси және мәдени орталықтарының біріне айналды.

Сауран Жәнібектен кейінгі қазақ хандары Бұрындық, Қасым, Хақназар, тағы басқалары тұсында шапқыншылықтың салдарынан біресе шайбанидтердің, біресе қазақ хандарының қол астына өтіп отырған. XV ғасырдың 80 жылдарында қазақтың тұңғыш хандарының бірі Жәнібектің баласы Еренші сұлтан осы Сауранды билеген.

Сауран Түркістан, Сығанақ қалалары секілді қазақ хандығының құрамына біржолата 1598 жылдан бастап қарады. Түркістан Қазақ хандығының астанасы саналып, ал Сауран мен Сығанақ қалалары әкімшілік орталықтары болып қалады. Сауран қаласы XVII ғасырдың 80 жылдары жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырайды. Жоңғарлар шабуылмен Сауран қамалын басып ала алмағанын өз көзімен көрген атақты Бұқар жырау осы оқиғаға арналған «Тас қамал» атты  дастанын жазып еліне қайтқан.

Сауранның бекініс құрылыстарының қалдықтары осы кезге  дейін керемет әсер қалдырады. Қамал-қорғанның жалпақ дуалы шикі кірпіш араластырып қаланған күйдірілген балшық блоктармен салынған. Оның сақталып қалған биіктігі қазірдің өзінде 6м-ге жетеді. Онда дөңгелек 4 мұнараның қалдықтары аңғарылады. Дуалдың сыртында тереңдігі 3 м-ге, ені 2 м-ден 50 м-ге дейін жететін ор болған. Қақпалардың алдында сыртқа ойысыңқы дуал бөлігінен құралған жиырма метрлік тар жолдар бар. Сауран қаласының тағы бір ерекшелігі усадьбаларының көптігінде. Аэрофотосъемка суреттерін талдау барысында Сауран маңында 350-ге жуық селолық усадьбалар болғаны анықталды.

Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық экспедициясының зерттеу жұмыс нәтижесінде  2004-2005 жылдары Саураннан орта ғасырлық мешіттің орны табылды. Мешіттің сыртқы қабырға бойынша есептегендегі ені 31 метр, жалпы аумағы 1200 шаршы метр болады. Өзінің жобалық композициясы бойынша Сауран мешіті Самарқандтағы Бибіханым (XIV ғасырдың соңы), Ташкенттегі Жами (XV ғасырдың соңы ) және Бұхарадағы Калян (XVI ғасырдың бірінші ширегі) жұма- мешіттермен сыңарлас келеді.

Бүгінде Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық экспедициясы ортағасырлық Сауранның төңірегіндегі  жобасы мен атқарған қызметтері әртүрлі болып келген сәулет ескерткіштерінің қиранды орындарында кең ауқымды зерттеулер жүргізуде. Жұмыстардың мақсаты аршылған архитектуралық бөліктерде «Қазқайтажаңғырту» арнаулы қайта қалпына келтіру кәсіпорынының күшімен консервациялау жұмыстарын жүргізіп, Сауран шаһарын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру болып отыр.

Сауранның кіре берісі

Сауран –ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған шаһар Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Сауран туралы алғашқы деректер  10- ғасырдағы еңбектерде кездеседі. 13-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. 16-ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Қазіргі кезде Сауран – қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550-800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады.

Биіктігі 6 м қабырғамен қалашықтың өлшемі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 800 м. солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 500 м мәдени қабатының биіктігі — 2 м. Сауран туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында “Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар”,-деп жазған.

Сауран мешіті

Шыңғысхан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді. 13-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен.

16-ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары “шайқалмалы минаретті” және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді — жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550-800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың 7-18 ғасырларға жататынын дәлелдейді.

Сауранның қираған қамалдары

Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған.

ХІІІ ғасырға дейінгі Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қала жұрты. Онда жүргізілген зерттеу жұмыстары қалашық бірнеше қорғаныс қабырғасымен қоршалғанын анықтаған. Қазба материалдары қаланың тіршілігі моңғол шапқыншылығынан кейін тоқтағанын көрсетеді. Оның есесіне жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтерген. Сауран қаласы  ХІV ғасырда Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Сауран үшін өзбектер мен Қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен, Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билеуіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80 жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған.

Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылық пен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады.

Ол заманнан қалған құрылыстар сирек. Сауран қаласының сыртын ерте заманда күйдірген кірпіштен салынған ескі қамалдың іргелері әр жерден көрінеді, оның үстінен хам кірпіштен бертін көтерілген қабырғалар бар. Нияз аталық заманында Сауранды қайта жаңғырту мәселесі хан кеңесінде бірнеше рет көтеріліп еді. Бірақ Түркістан атырабында сауда әлсірегелі, шығыстан батысқа ағылып жатқан сауда керуендері тиылғалы өндіріс пен қала ғимараттарын салатындай халықтың дәрмені де жоқ, құрылыс өнері де бәсеңдеген. Осы ғаламат қалаға таласып үш жақтап бұхарлық Абдоллах, Ташкенттік Бабасұлтан, қазақтан Хақназар хандар соғыс ашқанда енді қайтып жөнделместей бұзылды. Бұхаралықтар әдейілеп тас атқыш қаруларды алып келіп, қаланы қиратып, кәріздің бәрін құдығымен қосып ағызып жіберді. Орыс халқының өлкетанушысы П.И.Рычковтың жазуына қарағанда қазақ жерінде де біршама зерттеулер жүргізу кезінде “ХYІІІ ғасыр ортасында Сауранда бар-жоғы 100 үй қалған. Сол сияақты Отырарда да XYIII ғасырда 50 шақты үй. Түркістан қалаларында үлкен өндіріс жоқ. Қажетті металды маңайындағы кен орындарынан керегінше алады, мыс, қорғасын, қалайыны Сарыарқа даласындағы кен орындарынан қазақтар алып келіп сатады”,-деген. Сауран үйінің маңдайшасы Сауран үйлеріндегі хауыз, жылыту орындары. Ашық даладағы жазық жерге салынған осы шаһардың тамаша табиғаты  мен жаныңды жадыратар тұнық ауасы, оны айнала қоршай салынған алып қорғаныс қабырғалары жайлы көптеген жылнамашылар жазған. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады.

Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған. Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма  мешіті жайлы XVI ғасырда  бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген.

Саурандағы көне құдық

Уәсифидің (тәжік жазушысы) айтуынша, осы суландыру жүйесін шаһарға  мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб сыйға тарқан. Басын шаһардан 7 шақырым жерден алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары  пайдаланылған. Сол әулиенің есімі осы күнгі Саураннан солтүстікке қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Әлгі кәріздердің  басы да сол маңынан басталады.

Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

«Қасиетті Қазақстан» жобасы –туризмді көркейтудің қайнар көзі.

Әлемді таңдандырары анық ашық аспан астында мұражай ұйымдастыруға лайықты бұл бірегей қала Қазақстан халқы мен ғалымдарының қызығушылығын  тудыруда. Енді Қазақстан тарапынан Сауранды Ұлы Жібек жолы бойындағы туризм инфрақұрылымына қосып, елімізге аса мағызды да керек тарихи-мәдени мұражайға айналдыру міндеті туып отыр. Мұндай тылсымға толы тарихи өңірлік ескерткіштер неше ғасыр өтсе де кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқан әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы болып қала бермек. Сондықтан, жаһандану бізден әлі көп зерттеулерді қажет етеді.

Сонымен қатар, киелі орындардың сұлба бейнесін 3D сканерлеу  арқылы цифрландыру ісі қолға алынуда. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, бұлай жасау арқылы нысананың қазіргі бейнесін сақтап қала аламыз. Алда — жалда   оның бір жері бүлінсе, цифрланған нұсқасына қарап  қайтадан қалпына келтіру мүмкіндік бар. Бірқатар туристік компаниялар бейнероликтерді шетелдік саяхатшыларға жіберіп, елдегі киелі нысандарымызды оларға таныстыруда. Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ XIII ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон)

қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, маңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған. XIII ғасырға дейін Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қала жұрты. Онда жүргізілген зерттеу жұмыстары қалашықтың бірнеше қорғаныс  қабырғасымен қоршалғанын анықтаған. Қазба материлдары қаланың  тіршілігі манғол шапқыншылығынан кейін тоқтағанын көрсетеді. Оның есесіне жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтерген Сауран қаласы XIV  ғасырда Ақ Орданың құрамына кіріп, бір кездері оның астанасы да болған. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ.

Сауран үшін өзбектер мен Қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен XVI ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен, Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билігіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан XV ғасырдың 80 жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылықпен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады. Ашық даладағы жазық жерге салынған осы шаһардың тамаша табиғаты мен  жаныңды жадыратар тұнық ауасы, оны айнала қоршай салынған  алып қорғаны қабырғалары жайлы көптеген жылнамашылар жазған. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған. Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы XVI ғасырда бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген.

Уәсифидің айтуынша, осы суландыру жүйесін шаһарға мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб сыйға тартқан. Басын шаһардан 7 шақырым жердан алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары пайдаланылған. Саураннан солтүстікке қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Әлгі кәріздердің басы да сол маңнан басталады.

Түркістан облысы,Сауран ауданы әкімдігінің тапсырысымен жазылған “Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтарымен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелер” тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция еңбектер жинағынан алынды. Дайындаған: Д.Батырханқызы.

 

 

Алдыңғы жаңалық

Өркениеттер тоғысындағы Сауран

Келесі жаңалық

КЕНТАУЛЫҚ СПОРТШЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА “ҮЗДІК ОЙЫНШЫ” АТАНДЫ!

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

"Kazaqpar.kz" ақпараттық агенттігі
162000,Түркістан қаласы
Меншік иесі: ЖК Алмас Мұқтарұлы
aqpar@gmail.com

Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде kazaqpar.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді

No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
  • Әлем жаңалықтары
  • Руханият
  • Спорт
  • Туризм

Kazaqpar.kz ақпарат агенттігі