Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың сессияларын өткізу тәртібі мен мазмұнына қатысты мынадай нақты тапсырмалар берді:
- Сессиялардың мазмұндық деңгейін арттыру – Сессиялар жергілікті халықты толғандыратын өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылауға бағытталуы тиіс.
- Қоғам өкілдерінің қатысуын қамтамасыз ету – Мәслихат сессияларына қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ және белсенді азаматтардың қатысуы ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды қадам ретінде қарастырылсын.
- Сессияларда қабылданатын шешімдердің орындалуын бақылау – Әр сессия қорытындысы бойынша нақты іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның орындалу барысы халыққа жүйелі түрде баяндалуы қажет.
- Жедел әрі тиімді шақырылымдар өткізу – Төтенше немесе ерекше мәні бар жағдайлар туындаған кезде мәслихат сессияларын жедел шақырып, шешім қабылдауға дайын болу қажеттігі атап өтілді.
- Сессиялардың цифрлық форматта өткізілу мүмкіндігін кеңейту – Президент сессияларды қашықтан немесе гибрид форматта өткізу арқылы қолжетімділікті арттыруды тапсырды.
Бұл тапсырмалар мәслихат жұмысындағы жариялылықты, тиімділікті және халықпен кері байланысты күшейтуге бағытталған.
Осы ретте, Сауран ауданында мәслихаттың сегізінші шақырылымдағы кезектен тыс отыз төртінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы Таңғатаров, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессияда күн тәртібіне сәйкес жеті маңызды мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша – Сауран ауданы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы – баяндаманы аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Ербол Насыр жасады.
Келесі екі мәселе – кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту бойынша да баяндама жасалып, тиісті шешімдер қабылданды. Бұл мәселелер бойынша баяндамаларды Ербол Насыр және Самат Ажығабылов жасады.
Сондай-ақ, сессия барысында құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту және Сауран ауданы бойынша 2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту мәселелері талқыланды. Бұл бағытта аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылбек Патсаев нақты ұсыныстарын жеткізді.
Қаржылық салаға қатысты екі маңызды мәселе де қаралды. Атап айтқанда, 2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджетке өзгерістер енгізу, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына өзгеріс енгізу туралы шешімдер қабылданды. Бұл мәселелер бойынша баяндамалар экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Сұлтанғалиұлы Мырзахметов және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек тарапынан ұсынылды.
Сессия барысында қаралған барлық мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.

