2025 жылдың шілде айында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасындағы сүйіспеншілікті арттыру мақсатында “Менің отбасым – менің тірегім” атты мазмұнды семинар ұйымдастырылды.
Семинардың ашылуында «Отбасын қолдау орталығының» бөлімше басшысы Саржанов Біржан Рысбайұлы сөз сөйлеп, отбасындағы өзара түсіністік пен құрметке негізделген қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға тақырыпқа сай құнды ақпараттар ұсынды.
Шара барысында арнайы шақырылған қонақтар да өз ойларымен, тәжірибелерімен бөлісті.
Созақ аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Райымқұлова Рысты Тәбетқызы отбасы құндылықтары, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі және ұлттық тәрбиенің негізі жайлы әсерлі пікір айтты.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға қызмет көрсететін кітапханашысы Балтабекова Айман Ерубайқызы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігі мен олардың қоғам өміріне белсенді араласуы жайында баяндама жасап, маңызды мәселелерді көтерді.
Семинарға қатысқан мамандар мен психологтар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері, алдын алу жолдары және қолжетімді көмек туралы кеңінен түсіндіріп, қатысушылармен еркін пікір алмасу өткізді.
Іс-шара соңында «Отбасын қолдау орталығының» директоры Елібаев Әділ Камалұлы сөз алып, орталықтың атқарып жатқан қызметтері мен алдағы жоспарларын таныстырды. Сонымен қатар, арнайы шақырылған қонақтарға алғыс білдіріп, сый-сыяпат табыстады.
Семинар қатысушыларға үлкен рухани серпіліс беріп, отбасындағы сүйіспеншілік пен сенімді қарым-қатынастың маңызын терең түсінуге мүмкіндік жасады. Осындай шаралар қоғамдағы осал топтарға қолдау көрсетіп, отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

