Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам өміріндегі маңызын ескере отырып, журналистиканы дамыту және журналистердің кәсіби қызметін қолдау мақсатында бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын:
- Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Президент бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттің ақпараттық егемендігін қорғаудағы рөлін атап өтіп, шынайы, дәл және бейтарап ақпарат таратуға баса назар аударуды тапсырды.
- Мемлекеттік қолдау және заңнамалық негіздерді жетілдіру
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауға бағытталған «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасының қабылдануын қолдап, оның аясында журналистердің құқықтық мәртебесін күшейту, әлеуметтік кепілдіктерін қарастыру жөнінде нақты тапсырма жүктеді.
- Халықаралық ақпараттық кеңістікте белсенділікті арттыру
Президент отандық БАҚ-тың шетелдік аудиториямен жұмысын жандандыруды және сапалы контент ұсыну арқылы Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуды тапсырды.
- Кәсіби кадрларды даярлау және біліктілікті арттыру
Журналист кадрларын даярлау ісінде жаңашылдық енгізіп, халықаралық стандарттарға сай оқыту жүйесін дамыту қажет екенін атап өтті.
- Журналистердің ағартушылық рөлін күшейту
Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерінің қоғамда ақпарат тарату ғана емес, сондай-ақ ағартушылық, тәрбиелік және қоғамдық сананы қалыптастырудағы маңызды миссиясын ерекше атап өтті.
Аталған тапсырмалар Қазақстанда кәсіби, жауапты және заманауи журналистиканы қалыптастыруға бағытталған.
Осы нақты тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Кентау қаласында Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы мен Кентау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мерейлі Кентау және медианың миссиясы» атты семинар өтті. Жиынға Түркістан облысындағы БАҚ өкілдері, ақпарат саласының мамандары қатысты.
Қала әкімі Жандос Тасов кенді шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Іс-шараның негізгі бөлігінде «Түркістан Медиа Холдингінің» атқарушы директоры Тельман Бейсен «Қазіргі медиадағы менеджмент» тақырыбында баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелерді әсіресе медиасауаттылық төңірегіндегі ойларын жеткізді. Ал Ақпараттық талдау орталығының бөлім басшылары әлеуметтік желідегі жауапкершілік тақырыбын қозғап, жалған ақпаратпен күрестегі журналистердің орнына тоқталды.
Сонымен қатар, жаңа заман талабына сай ақпарат таратудың цифрлы әдістері мен жасанды интеллекттің рөлі туралы «Түркістан медиа холдингінің» қызметкері Ғасыр Құралбайұлы баяндама жасады. Жалпы семинар барысында дәстүрлі және заманауи БАҚ, медиа менеджерлік тақырыптары төңірегінде ой-пікірлер айтылды.
Басқосу соңында өңірдегі бірнеше БАҚ қызметкерлеріне Қазақстан Журналистер одағының мүшелік билеті табысталды.

