Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударып, бұл бағытта нақты тапсырмалар мен пікірлерін бірнеше рет ресми жиындар мен жолдауларда мәлімдеген.
Президенттің нақты тапсырмалары:
- Қазақстан халқының діни сан алуандығын және конфессияаралық келісімін сақтау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтіп, жергілікті атқарушы органдарға өңірлік деңгейде тұрақты діни ахуалды қамтамасыз етуді тапсырды;
- Уәкілетті мемлекеттік органдарға дәстүрлі діндердің орны мен рөлін нақты түсіндіру, дін саласындағы білім беру мен ақпараттық саясатты жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдауды жүктеді;
- Діни бірлестіктермен өзара сенімді диалог орнатып, қоғамда экстремистік және радикалды идеялардың таралуына жол бермеу жөнінде пәрменді профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу тапсырылды;
- Жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, олардың құқықтық және әлеуметтік иммунитетін күшейту бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыру қажеттігін айтты.
Президенттің пікірі:
«Діни тұрақтылық – мемлекетіміздің қауіпсіздігінің, халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің кепілі. Біз конфессияаралық татулықты сақтау жолында дәйекті саясат жүргізуді жалғастырамыз. Әрбір азаматтың діни сенім бостандығы Конституциямен қорғалады, алайда бұл бостандық қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікке қайшы келмеуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл бағыттағы тапсырмалар мен пікірлер Қазақстан қоғамындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы маңызды қағидаттарды қамтиды.
Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен мешіт қызметкерлері мен имамдарға арналған семинар ұйымдастырылып, дін саласындағы өзекті мәселелер мен қолданыстағы заңнамалық нормалар түсіндірілді.
Іс-шараның мақсаты – діни мекеме өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру және заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру.
Семинарға Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы, дінтанушы, РАТТ мүшесі Ж.Жорабек қатысты.
Теолог қатысушыларға Қазақстан Республикасындағы дін саласын реттейтін негізгі заңдар, оның ішінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның негізгі баптары бойынша жан-жақты мәлімет берді.
Семинар барысында діни қызметтің заң шеңберінде жүргізілуі, тіркелмеген діни ұйымдардың әрекеті, шетелдік діни білім алудың тәртібі және қоғамда діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара соңында қатысушыларға ақпараттық жадынамалар таратылып, сертификат табысталды.

