Орманова Дана Садыққызы 1957 жылы 11 мамыр айында туылған. Алғабас ауданындағы С.Ерубаев орта мектебін бітірген соң, Алматы қыздар Педагогикалық институтына оқуға түсіп, психолог мамандығын алған. С.Қожанов орта мектебінде еңбек жолын бастап, 1984 жылы Түркістан көмекші мектеп – интернатына ауысып, мүмкіндігі шектеулі балаларымен жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында ол іскерлігін, табандылығын танытты. 2004 жылы ашылған мекеменің жұмысын жандандыруға Дана Садыққызы ерекше көңіл бөлді. Мамандармен бірге ауыл, қала мектептерін аралап, мүмкіндігі шектеулі балаларды анықтап, есепке алып, медико – педагогикалық комиссияға түсіруге дайындап, бұл саланың өз ісіне жетік маманы екенін дәлелдей білді.
Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласына арнайы барып, облыста жоқ «сенсорный парталар» әкеліп, мүмкіндігі шектеулі балалармен нақты жұмыс жүргізуді ұйымдастырды.Облыстық, қалалық құрмет қағаздарымен марапатталған Дана Садыққызы Түркістан қаласының 2004 жылғы «ЖЫЛ АДАМЫ» атағына ие болды.
2006-2007 жылдары Облыстық білім бөлімі басқармасының мақтау қағаздарына ие болса, Ұстаздар күніне орай 5 қазан күні Қалалық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының мақтау қағазымен марапатталды.
Дана Садыққызы қала мектептерінің психологтарымен тығыз жұмыс жасайды. Атап айтқанда, «Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып – тәрбиелеуде психологтың ықпалы» атты тақырыпта мектеп психологтарымен семинар – кеңес өткізіп, көкейтесті мәселелер төңірегінде кеңес берді. Сонымен қатар, 2008 жылы жаңа технологиялар, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының қолдауымен өткен «Оқу – тәрбие үрдісінде психологиялық қызмет жүйесін ұйымдастыру жолдары» атты дөңгелек үстелді өткізу барысында өз іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалап, ОҚО білім басқармасының мақтау қағазына ұсынды.
Түркістан қаласындағы «Психологиялық педагогикалық түзету кабинетінің» іс — шаралары «Жас Алаш», «Оңтүстік Қазақстан», «Түркістан», «Ұстаз» мерзімді басылымдарында жарық көріп, «Қазақстан — Шымкент», «Тұран – Түркістан» телеарналарынан хабарлар мен бейнесюжеттер берілуі, Дана Садыққызының мүмкіндігі шектеулі балалардың тыныс – тіршілігі, қалыптасуы жолындағы еңбектері.
Сол кездері Түркістан қаласының әкімі болған Қайрат Молдасеитов өз тарапынан «Психологиялық педагогикалық түзету кабинетінің» құрылысы салынуына 2010 жыл 26 ақпан күні қаулы шығарылды. Бұл да болса үлкен ізденістің жемісі.
2011 жылы «Балаларды қорғау күніне» «психологиялық педагогикалық» мекеменің ашылу салтанаты болып, пайдалануға берілді.
Сол жылы Қ.Р. «Нұр Отан ХДП» бірінші орынбасары Н.Нығматуллинның Алғыс хатымен марапатталды. 2013 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіповтың «Алғыс хатымен» марапаталды.
«ВІ Жұлдызай» қайырымдылық қорының директоры Г.Исабаеваның «Алғыс хатымен» марапатталды. 2013 жылы Шымкент қалалық кәсіподақтан «Ұлағатты ұстаз» төс белгісімен марапатталды.
Көп жылғы мүмкіндігі шектеулі балалармен атқарған тәжірибесін ары қарай жалғастыру мақсатында 2015 жылы Түркістан қаласында «Шұғылалы таң» қайырымдылық қоғамдық қор ашып, осы күнге дейін өз жұмысын атқарып келеді. Қазақстан Республикасының 25 жылдығына орай, Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған арнайы алтын төс белгісімен марапатталды. «Бейбітшілік әлемі», «Ұлт мақтанышы» медальдарымен марапатталды. Қордың 5 жылдығына орай түрлі іс – шаралар ұйымдастыру жоспарланды. Нұр Отан партиясының «кедергісіз келешек» жобасы аясында аудан, қала, облыстарда «Қайырымдылық қадамдары» атты кештер өткізілді.
Барлық өткізілген іс – шаралар ақпарат құралдары арқылы жарияланып отырды. Бейнероликтер беріліп, барлығы жоспарға сай тіркеліп отыр.

