Қазіргі таңда еліміздің экономикалық дамуының басты тетіктерінің бірі – шағын және орта бизнес. Кәсіпкерлік секторы халықты жұмыспен қамтып, жаңа өнімдер мен қызмет түрлерін ұсыну арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына үлес қосып келеді. Ал кәсіпкерлердің табысты жұмыс істеуі мемлекет тарапынан жасалатын қолдау мен өзара сенімге тікелей байланысты.
Салық жүйесі – осы серіктестіктің басты тетігі. Әділ және ашық салық саясаты кәсіпкерлерге тұрақты жұмыс істеуге, бизнесін дамытуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде салықтарын уақтылы төлейтін әр кәсіпкер ел қазынасын толықтыруға, әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына үлес қосады.
Сауран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Басқарма мамандары салық саласындағы өзгерістерді дер кезінде жеткізіп, кеңес беру қызметтерін көрсетеді. Бұл өзара ашық диалог пен серіктестіктің қалыптасуына жағдай жасайды.
Мемлекетте кәсіпкерлерді қолдау бағытында көптеген жеңілдіктер мен электрондық қызмет түрлерін ұсынып отыр. e-Salyq Business, e-Salyq Azamat мобильді қосымшалары, онлайн есеп беру жүйелері – уақытты үнемдеп, қағазбастылықты азайтуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі бизнес жүргізудің қолайлылығын арттырып, көлеңкелі экономиканың алдын алуға бағытталған.
Әр кәсіпкердің адалдығы мен жауапкершілігі, ал мемлекеттің әділдігі мен ашықтығы ел дамуының берік іргетасы болмақ.
Сондықтан өзара серіктестік пен түсіністікке негізделген жұмыс – ортақ мақсатқа жетудің ең тиімді жолы.
Сенбекұлы Берік,
«Салық төлеушілермен жұмыс»
бөлімінің басшысы.
