Салық — мемлекеттің қаржылық жүйесінің тірегі әрі қоғам дамуының басты қозғаушы күші. Тәуелсіз елдің тұрақты дамуы мен әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуы салықтық түсімдерге тікелей байланысты. Сондықтан салық төлеу – әр азаматтың ел алдындағы борышы әрі жауапкершілігі.
Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеті – салықтардың уақтылы және толық түсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ салық төлеушілердің құқықтық мәдениетін арттыру.
Сауран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы бұл бағытта жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындар мен кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсетуді басты мақсат етіп отыр.
Салықтың уақытында төленуі – мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға, білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, мәдениет салаларын дамытуға мүмкіндік береді. Әрбір төленген салық – еліміздің өркендеуіне қосылған үлес, болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалған игі іс.
Қазіргі таңда салық төлеу процесі барынша жеңілдетілген. Электрондық үкімет порталы, Kaspi.kz және Halyq Homebank сияқты заманауи қосымшалар арқылы кез келген азамат өз салық міндеттемесін үйден шықпай-ақ орындай алады. Бұл – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етудің нақты көрінісі.
Салық мәдениетін қалыптастыру-қоғамның ортақ міндеті. Азаматтардың салыққа деген саналы көзқарасы мен адалдық ұстанымы еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі болмақ.
Каримбаев Шакир Бабаханович,
Сауран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер
басқармасының «Салықтық әкімшілендіру
және өндіріп алу» бөлімінің басшысы.
