Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен өткен “Сауран Style–2026” өнер байқауы жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды мәдени шаралардың біріне айналды.
Байқаудың басты мақсаты – жас таланттарды қолдау, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру және заманауи шығармашылық бағыттарды дамыту.
Шараның ашылу салтанатында Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Қ.Тасыбаев, Аманат партиясы «Әйелдер қанаты» ұйымының төрайымы Т.Ерімбет және “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшысы А.Дуйсенбекова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шара барысында жастардың шығармашылық ізденістеріне жоғары баға беріп, өнер арқылы қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерудің маңыздылығын атап өтті.
Байқау төрт кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы екі кезең онлайн форматта өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар “Жасанды интеллект арқылы – «Болашақ Сауран” тақырыбында ЖИ мүмкіндіктерін пайдалана отырып тың идеялар мен креативті жобаларын ұсынды. Ал екінші кезең “Таза Қазақстан” эко-акциясы тақырыбында бейнеролик әзірлеу арқылы жалғасын тауып, қатысушылар экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаны қорғау тақырыбын шығармашылық тұрғыда насихаттады.
Қорытынды кезең сахналық форматта ұйымдастырылып, қатысушылар “Жастардың қауіпсіз болашағы- қоғамның ортақ жауапкершілігі” тақырыбында ерекше қойылымдар көрсетіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді шығармашылық тұрғыда сахналады. Сонымен қатар, “Заманауи ритм – жастар стилі” тақырыбында заманауи билер ұсынылып, қатысушылардың сахна мәдениеті, креативтілігі мен өнерге деген талпынысы көрермен көңілінен шықты.
Байқау қорытындысы бойынша:
I орын — Жібек жолы ауылдық округінен келген “Сауран Vibe” командасына;
II орын — Шорнақ ауылдық округінен келген “Байтұрсын жастары” командасына;
III орын — Майдантал ауылдық округінен келген “Бес белес” командасына;
Ынталандыру сыйлығы — Жүйнек ауылдық округінен келген “Жалын” командасына табысталды.
Жеңімпаздар аудан әкімі М.Таңғатаровтың атынан арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. “Сауран Style–2026” байқауы жастардың шығармашылық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың заманауи өнерге деген қызығушылығын дамытуға мүмкіндік берген тағылымды әрі әсерлі кеш болды.


