Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен «Лудомания – қоғамға қауіпті індет» атты аудандық форум өтті.
Форумның басты мақсаты – жастар арасында құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу, қоғамда түсіндіру жұмыстарын күшейту және салауатты өмір салтын насихаттау.
Ауқымды жиынды Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалеке Марат Ержанұлы ашып, форум жұмысына сәттілік тілеп, жастарды уақытты тиімді пайдаланып, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Форум барысында арнайы шақырылған сала мамандары мен спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды ой-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда Сауран аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Түймебаев Данияр Тілеубергенұлы, Сауран аудандық полиция бөлімінің криминалдық полициясының жедел өкілі, полиция капитаны Алибеков Нұрдәулет Оспанұлы, Сауран аудандық Әжелер алқасының төрайымы Қияқова Баян апа, АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының дәрігер-эпидемиолог маманы Кумашев Бекмұрат Берікбайұлы және практик психолог Гүлзат Берікқызы қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Спикерлер құмар ойындардың адам өміріне, отбасы тәрбиесіне және қоғамға тигізетін кері әсерлері жөнінде кеңінен түсіндіріп, оның алдын алу жолдары туралы пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар жастарға мотивация беріп, бос уақытты тиімді өткізуге және саналы өмір салтын таңдауға үндеді.
Форум соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, лудоманиямен күрес – қоғам болып атқарылатын маңызды міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ белсенді қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.


