Түркістанда облыстың 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында өткен Отырар ауданының мәдениет күндері өз мәресіне жетті.
Шараның соңғы күнінде Этноауылда «Ұлттық ойын – ұлттың игілігі» атты ұлттық спорт ойындарынан сайыс, ауданның жетістіктері, ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңке-көрмесі, сонымен қатар «Ұлы дала дәстүрі» атты салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері, қолөнер, сурет көрмесі жасақталды.
Отырар көші шымылдығы «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Әділхан Мәліктің «Ұлы дала барысы» атты Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған тақырыптық кескіндеме сурет көрмесі мен Отырар халық театры сахналаған Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс» қойылымымен ашылған болатын.
Тағылымды шара тізбегі «Visit Turkistan» орталығы алаңында «Өнерлі өлке – Отырар» атты аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен Гала-концертке ұласты. Мерекелік шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Шараның екінші күнінде Этноауыл аймағында «Сырлы бояулар сыр шертеді» атты қылқалам шеберлерінің көрмесі және шеберлік сағаты, «Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» атты аудан тарихынан сыр шертетін өлкетану көрмесі өтті. Күннің екінші жартысында ашық аспан астында «Омартасы рухтың – Отырарым» атты ақындар айтысы өтті. Жыр додасында айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбеков бастаған, Анар Жаппарқұлова мен Дәурен Ақсақалов сынды жүйріктер қостаған отырарлық айтыскерлер түлеген Түркістанды жырға қосты.
Аталған фестиваль шілде айының соңына дейін өтеді. Аудан-қалалар Түркістан қаласында апта сайын өз өнерлерін көрсетеді деп жоспарланып отыр.
Келесі көшті 5-7 мамыр аралығында Бәйдібек ауданының өнерпаздары жалғастырады.



