Түркістан облысы, Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан “Мұталиб Юлдашев” атындағы шынықтыру-сауықтыру спорт мектебінде 7 -мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай еркін күрестен ауыл жастары арасында біріншілік ұйымдастырылды.
Жарыстың басты мақсаты жеңіс қана емес, достық, ұйымшылдық және спорт рухын сақтау болды.
Еркін күрес — бұл олимпиадалық спорт түрі, онда спортшылар әртүрлі әдістер арқылы қарсыласын арқасынан түсіріп, ұпай жинауға немесе таза жеңіске жетуге тырысады. Бұл күрес түрінде аяқпен шабуыл жасауға және аяққа қарсы әдістер қолдануға рұқсат етіледі.
Аталған іс-шараның өткізілуіне «Юсуф ата» мешітінің молдасы Фархад Атаханов та өз үлесін қосып, жастардың рухани және дене тәрбиесіне бірдей мән беруге шақырды. Сондай-ақ, жеңіске жеткендерге алғыс айта отырып, барлық қатысушыларға алдағы уақытта сәттілік тіледі.
Бұл бастама ауыл тұрғындары мен жас буын арасында патриоттық рухты нығайтып, дене төзімділігін арттырып, тәртіпке, шыдамдылыққа үйретуге, жылдамдық пен ептілікке, жеңіске деген жігер мен рухты қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға сеп болды.
Жарыс тартысты әрі әділ өтті. Қатысушылар өздерінің дайындығы мен шеберлігін көрсетті. Бұл жарыс қатысушылардың қажырлы еңбегі мен ынтасының көрінісі болды.

