Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы бастау алды. Бұл бастама 2024 жылғы 2 қыркүйекте жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында атап өтілді. «Таза Қазақстан» акциясының мақсаты:
— Экологиялық мәдениетті қалыптастыру;
— «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» қағидатын насихаттау;
— Қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу.
Президент бұл акцияның уақытша шара емес, жыл бойы жалғасатын маңызды жоба екенін атап өтті.
Мөлдір бұлақ – өзен-көлдерді қоқыстан тазарту.
«Тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Жастарымыз мұны терең түсінеді». Бұл бастама әрбір азаматтың экологиялық жауапкершілігін арттырып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Сауран ауданы бойынша кең ауқымды тазалық шарасы ұйымдастырылды. Жаңа Иқан ауылдық округінің табиғаты көркем, таулы аумағында өткен тазалық шарасына 200-ге жуық адам қатысты. Оған қоғамдық жұмысшылармен қатар ауыл тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер тартылып, қоқыстан тазартуға белсене кірісті.
Сенбілік жұмыстары Ойық ауылынан басталып, Созақ ауданының шекарасына дейін жалғасты. Бұл бағыт бойындағы елді мекендер мен жол жиектері қоқыстан тазартылып, аумақтар ретке келтірілді. Аудан аумағындағы 12 ауылдық округтен келген тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілер тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты. Іс-шара барысында жалпы саны 200-ге жуық адам, сондай-ақ 8-ден астам арнайы техника жұмылдырылып, 20 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.
Тазалық жұмыстары аяқталғаннан кейін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сенбілікке атсалысқан барлық еңбек адамдарына алғысын білдірді. Ол:
«Бұл тек сенбілік емес – ортақ іске деген жауапкершіліктің, бірліктің, еңбекке деген құрметтің белгісі. Еңбекші мамандықтар жылы аясында қоғамдық жұмысшыларға ерекше назар аударуымыз – олардың өлшеусіз еңбегін бағалау», – деді.
Қатысушыларға арналған тимбилдинг ұйымдастырылып, табиғат аясында арнайы ас берілді. Бұл шара, бір жағынан, белсенді азаматтарға алғыс білдіру, екінші жағынан, еңбекке құрметтің нақты көрінісі болды. Осындай сенбіліктер – тек қоршаған ортаны емес, қоғам санасын да тазартатын, ауызбіршілікті арттыратын маңызды бастамалардың бірі ретінде аудан көлемінде тұрақты түрде жалғасатын болады.

