Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп, бұқаралық және кәсіби спортты қолдау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Президент өз Жолдауында бұқаралық спортты дамыту қажеттігін атап өтіп, әр облыста және ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу керектігін тапсырды. Осы бағытта 2020–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданып, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 5,9 миллион адамға жетті, оның ішінде 560 908-і балалар мен жасөспірімдер.
2025 жылы Президент дене шынықтыру және спорт саласын дамыту саясатын жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Бұл заңда басым спорт түрлерінің тізбесін анықтау, оларды бюджет есебінен қаржыландыру тәртібі және спорттық даярлықтың ұлттық стандарттарын енгізу сияқты маңызды өзгерістер қарастырылған.
Президент кәсіби спортта алдамшы жетістіктерге емес, жүйелі дамуға басымдық беру қажет екенін атап өтті. Ол: «Қазақстанға бір сәттік, алдамшы жетістіктер керек емес. Жан-жағымызға жалтақтамай, алға қарай батыл әрі жүйелі қадам басуымыз қажет» деді.
Иорданияның Амман қаласында өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Түркістан облысы, Сауран ауданы, Жүйнек ауылдық округінің тумасы, Жалил Абдуллаев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Анвар Идрисов жүлделі ІІІ орын иеленді.
Жас спортшы байрақты бәсекеде табандылық танытып, ел намысын абыроймен қорғады. Бұл жетістік – Анвардың спортқа деген адалдығының, жылдар бойы жасаған қажырлы жаттығулары мен еңбегінің жемісі.
Анвар Идрисовтың жеңісі – жеке жетістіктен бөлек, оның жаттықтырушылары, ұстаздары және отбасымен бірге туған ауыл – Жүйнек ауылы үшін де зор мақтаныш. Ауылдан шыққан жас спортшының халықаралық деңгейде топ жаруы – өскелең ұрпаққа үлгі, өңір жастарына шабыт береді.
Сауран ауданының әкімдігі мен білім бөлімі Анвар Идрисовты, оның ата-анасын және бапкерін лайықты жеңісімен құттықтап, алдағы спорттық жолында сәттілік пен жаңа жетістіктер тілейді.

