Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қазақстандықтарды құттықтап, бұл тарихи оқиғаның ел бірлігі мен ұлттық рухты нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы Жеңіс күнін бейбіт өмір мен тыныштықты қорғау жолында құрбан болған батырларымыздың рухына тағзым ететін, соғыс және тыл ардагерлеріне шексіз ризашылық білдіретін күн ретінде сипаттады. Ол халқымыздың фашизмге қарсы күрестегі ерлігі мен тылдағы қажырлы еңбегін жоғары бағалап, бұл ерліктің өскелең ұрпақ үшін отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатынын айтты.
Президент ардагерлерге қамқорлық жасап, олардың есімдерін ұлықтау – мемлекет пен қоғамның басты міндеті екенін атап өтті. Ол Жеңіс күніне орай елімізде көптеген іс-шаралар өткізіліп жатқанын, соның ішінде бес жүзге жуық көшеге қаһарман ерлеріміздің аты берілгенін және ауқымды әскери шеру ұйымдастырылғанын айтты.
Мемлекет басшысы Жеңіс күнінде бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, достық пен тыныштықтың маңыздылығын терең түсінуге шақырды. Ол осы мызғымас құндылықтардың халқымыздың әл-ауқатын арттырудың және Қазақстанды тұрақты дамытудың берік негізі болып қала беретінін айтты.
Кентау қаласының тұрғындары мақтан тұтатын тұлғалардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Бадан Төребаев.
Бадан Төребаев 1926 жылы Түркістан қаласына қарасты Майдантал ауылында дүниеге келген. 1944 жылдың 15 қазанында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, төрт айлық әскери дайындықтан соң Белорус майданында ауыр шайқастарға қатысып, ерекше ерлігімен көзге түсті. Батырлығымен және жанқиярлығымен танылып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Жорық жолы Берлинге дейін жалғасып, ол І дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, «Берлинді алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін елге оралған ардагеріміз Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кен орнында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Отбасында 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген, бүгінде 16 немере, 42 шөбере, 3 шөпшек сүйіп, 99 жасқа толып, бейбіт те бақытты өмір сүруде.
Бүгінгі ұрпақ үшін Бадан Төребаев атамыздың ерлігі – үлгі мен өнеге. Уақыт өткен сайын аға буын сыйлаған Жеңістің маңызы арта түсуде.
Осындай ер жүрек жанның ұрпағы болу – зор мақтаныш әрі шексіз алғыс!

