Қайырлы күн, Әсел ханым. Түркістан қаласындағы ерекше балаларға арналған «Армандар орындалады» жобасының негізін қалаушы ретінде өзіңізді жақсы білеміз. Жоба өмірге қалай келді?
— Үйден оқитын балаларға арналған «Армандар орындалады» жобасы басында 2022 жылы, яғни Түркістан қаласы көлемінде «Балалар жылында» бастау алған еді. Қазір облыс көлемінде ұйымдастырып жатырмыз.
Аты айтып тұрғандай үйден оқитын ерекше баламен сөйлесу, сырласу барысында дүниеге келген жоба. Баланың өмірге деген көзқарасын білу өте терең ой салды. Баланың қарапайым «кинотеатрға барғым келеді» деген тілегі түрткі болды. Қарап отырсам бұл тілегін орындау отбасымызға қиындық тудырмады. Тілегін орындап керемет сәттен тұратын күнімізді арнаған едік балаға. Сол кезде баланың: «Әсел апай ,армандар расыменде орындалады екен «,- деген сөзінен кейін осы жобаны бастап кеттім.
Жобаға қатысушы балаларды қалай таңдайсыз?
— Басында мектептердегі психологтар арқылы тауып жүрдім. Тізім жасап, тізім бойынша аналарымен сөйлесіп, тілек_хаттарын жинайтын едім. Одан кейін барып арнайы нөмірленген конверттерге салып, алдын ала ниет білдірген демеушілерге таратып шығамын.
Балалардың арманын орындайтын аға-әпкелерді өзіңіз іздейсіз бе, қалай іздейсіз?
— Әрине, қай тірлік болмаса да бастағанда қиындық болады. Жобамның мақсатын түсінбей көбі. Сұрақтар көбейіп…))), хат алғанмен шараға қатысқылары келмей. Іздедім тынбай, қалтасы көтереді ау, мәселемді қайтармайды ау, балалардың қуанышына немқұрайлылық танытпайды ау, деген кісілерге хабарласып жүрдім… Ал қазір көбі маған шығады «тілек орындағым келеді » деп.
Демеуші іздеген шақта немесе іс-шараны өткізу барысында қатты көңіліңізге тиіп, тауыңыз шағылған сәттер болды ма?
— Иәәә, болды ондай жағдайлар. Көзімнің жасын сығып алатын едім, «неге осы кісілер осындай » деп. Мысалы, бір аға уәдесін береді де, тура жақын қалғанда телефон көтермейді. Жақын қалғанда демеуші іздеп табуда оңай емес қой. Айта кететінім, уәде берген ер кісілер тайқып шығатын, ал әйелдер арасында ондай болған емес. Тағы бір қиындық деп айтуға келе ме ,келмей ме білмеймін. Бірақ мен үшін ерсі нәрсе — ол балаларды «біздің ауданнан емес қой, біздің ауданның баласы болса ғана тілегін орындайын» деп, ұлтқа бөліп қарайтындар мені таң қалдырды. Немесе қолынан кеп тұрып, күніне миллиондап табатын бір кісі 11 жасар балаға велосипед әперуге шамасы келмей жатқанын айтқанда күлерімді, не жыларымды білмедім))). Осындай жұртқа дым қиын емес нәрселер, мен үшін әжептәуір қиындық негізі.
Ерекше балалармен жұмыс жасау кезінде жүрегіңізге тиетін әсерлі сәттер туралы айтып өтсеңіз.
— Енді мен өзім ерекше бауырыммен өскенмін, ұлымды қанша уақыт емдетіп еңбегіміз жанған ата-анамыз. Сондықтан жүрегім өзгеше күй кешері анық. Дегенмен, мақсатым: осындай ерекше күтімді қажет ететін балапандардың қоғаммен етене араласып, өздерінің орындарының бар екендігін білдіру, ешкімнен кем емес өмір сүруге лайық екендерін балауса кездерінен ұғындыру, комплекстен арылту, мүсіркеу, аяу деген көзқарасты қабылдамай үйрету болды. Меніңше, нәтижесі жаман емес. Осы жобама қатысқан қаншама бала түрлі сайыстарға, олимпиадаларға, конкурстарға, спорттық жарыстарға қатысып жетістікке жетіп талпынып көпке үлгі болып үлгерді.
Рас, басында ауырып та қалатын едім, іс-шарадан кейін. Қазір барынша қабылдап, олар да мені қабылдап үйреніп көзқарас тұрақталды десем де болады.
Ерекше балалардың ата-аналарымен байланыс орнатуда қиындықтар болып тұрады ма?
— Әрине! Мен аналарды басқаларға қарағанда, тіпті өздерінің туыстарына қарағанда артығырақ түсінемін деп сенімді айта аламын. Ерекше баласы бар аналардың бәріне негізі психологиялық қолдау қажет, үздіксіз. Оған менің жобама, немесе осындай жобаларға қатысып көргендер ғана түсінеді деп ойлаймын. Балалары аяқтан тұрып кеткенше уайымның түр-түрін кешеді. Ал кейбір жатулы балалар солай өмір бойы жатулы болып қалатындары да бар. Бүкіл ғұмырын ерекше перзентіне арнаған аналарға басымды иемін! Ал, аяққа тұрып кетуге мүмкіндік болып, сол мүмкіндікті жібермей пайдаланып жетістікке жеткен аналар-нағыз қаһарман дер ем! Ал жалпы , жақсылық жасаймыз ғой шын жүректен. Жақсылық жақпайтындарға да ренжи алмаймыз, түзей де алмаймыз. Бірақ сол арқамнан жамандық жасап, сөз еріткен жан қайта көмек сұрап келсе, қолымнан келгенше көмегімді аямаймын. Жалықпаймын.
«Армандар орындалады» жобасының Шымкент қаласына сапары туралы кеңінен айтып берсеңіз.
— Ооо, бір керемет сәт болды балалар үшін де, ата-аналары үшін де, балаларды қуантқандар үшін де! Түркістан қаласының ерекше балаларын қуантуға Шырайлы Шымкенттің бір топ журналистері атсалысты. Нақты бағдарлама, тыңғылықты дайындық, естен кетпес Зообақ, мерекелік дастархан жоғары деңгейде өтті. Балалар түгілі өзім керікті алғаш көруім еді . Ондағы эмоция бөлек енді. Тек көзбен көріп, жүрекпен сезіну керек меніңше. Осы ретте балаларды қуантуға мұрындық болған «Уақыт » телеарнасының директоры Ардақ Жақсылықованың еңбегін атап кетейінші. Қалам ұстаған белгілі журналист, блогер Әлия Ортаева, Оңтүстік арнасынан Эльмира Тұрлыбек, Мақпал Сауранбековаға, Азиза бауырымызға алғысымды білдіремін.
Ерекше балалармен жұмыс жасауда алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?
— Жоспарым, осы жобам жақсы адамдардың арқасында жалғасын тауып жатса, ауылдың түкпір түкпіріндегі балаларды көптеп қуанту. Шынайы қуанту. Қабілеті бар ерекше балаларды өмір сүріп кетулеріне жағдай жасау және бейімдеу қолдан келгенше әрине. Сіз бен біз болып.
Сұхбатыңызға үлкен рақмет. Алдағы уақытта ерекше балалармен жұмыс жасауда толағай табыс, күш-қуат тілеймін.
Түркістандағы «Армандар орындалады» ерекше балаларды қуанту жобасының негізін қалаушы Әсел Бимырзаевамен сұхбаттасқан «Kazaqpar.kz» сайтының тілшісі Ботабекова Қаламқас.


