Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экологияны жақсарту, таза ауа мен таза қалалар қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Оның айтуынша, бұл – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Экологияны жақсарту мақсаттында Президенттің бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынды. Бұл акция аясында 2,5 миллионнан астам ағаш отырғызылып, 200-ден астам өзен-көлдің жағасы тазартылды. Мемлекет басшысы бұл шараның тек науқандық сипатта емес, тұрақты түрде жүргізілуі қажет екенін атап өтті.
Президент қоғамдық сана мен тазалық мәдениетті қалыптастыру қалалар мен ауылдардың таза болуы, тұрғындардың азаматтық сана-сезімінің көрсеткіші екенін айтты. Ол әрбір азаматтың өз ортасын таза ұстауға жауапты екенін, бұл мәдениеттің күнделікті өмір салтына айналуы қажет екенін баса айтты.
Президент Қ.Тоқаевтың айтуынша, экологияны жақсарту мен таза қалалар қалыптастыру – барша халықтың ортақ міндеті. Бұл бағытта әрбір азаматтың белсенді қатысуы, табиғатқа жанашырлықпен қарауы және тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыруы маңызды.
Осы бастама негізінде Кентау қаласында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ерекше форматтағы аулаішілік тазалық шарасы өтті. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов көшесіндегі №176, 178, 180, 182, 184, 186, 188 үйлердің ауласында тазалық жарысы өткізілді.
Бұл – жай ғана сенбілік емес, аула тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып, жас ұрпақты табиғатты аялауға баулитын жарқын бастама болды. Әр аула өз аумағын күл-қоқыстан тазартып, жабайы шөптерден арылтып, айналаны көркейтуге күш салды. Бұл игі іске балалар да белсене қатысты. «Бір қап қоқыс – бір балмұздақ» ұранымен олар өз еңбектерін ортақ іске қосты.
Бұл тазалық жарысына негізінен аулада ойнап жүрген балалар жұмылдырылып, оларға қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың үлгісі көрсетілді.
Тазалық шарасы тек еңбекпен емес, көтеріңкі көңіл-күймен де ерекшеленді. Белсенді қатысушылар естелік сыйлықтарға ие болды. Ал балалар үшін арнайы тәтті сый — балмұздақтар таратылып, шаттық сыйлады.
Аула жастары мен ересек тұрғындар бұл бастаманың маңызын терең түсініп, қоршаған ортаны қорғау — әр азаматтың парызы екенін іспен дәлелдеді.
Мұндай шаралар Кентау қаласының өзге аумақтарында да жалғасын табатын болады. Әрбір аула — шағын Отан. Олай болса, туған қаламызды бірге көркейтіп, бірге тазартып, бірге қорғайық!

