Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар мен боксшылардың жетістіктерін жоғары бағалап, олардың ел намысын қорғаудағы рөлін ерекше атап өтті. Ол легионерлерге емес, отандық спортшыларға басымдық беру керектігін айтып, әділ іріктеу мен ашықтықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Президент спортшылардың кәсіби дайындығын арттыру үшін жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін көтеру, спорттық медицинаны дамыту және спорт инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ол бұқаралық спортты дамыту арқылы салауатты ұлт қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Президенттің пікірінше, спорттағы әділеттілік пен ашықтық – табыстың кепілі.
2025 жылдың 10-24 мамыр аралығында Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен U22 Азия чемпионатында жастар санаты бойынша жарыс мәресіне жетті. Бұл байрақты бәсекеде Қазақстан Ұлттық құрамасы сапында Кентау қаласының жас боксшылары да ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрінді.
2007-2008 жылы туған қыздар арасында 48 келі салмақта өнер көрсеткен Айым Танкибаева қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Бұл жеңіс – оның тынымсыз еңбегінің және қажырлы жаттығуының жемісі.
Ал 67 келі салмақта ел намысын қорғаған Бақтияр Анарбаев та керемет нәтижеге қол жеткізді. Чемпионаттың екінші жекпе-жегінде Сауд Арабиясының былғары қолғап шебері Исмаил Әлкасимиді 5:0 есебімен айқын басымдықпен ұтқан жерлесіміз, ақтық сынға жолдама алып, шешуші жекпе-жекте қырғызстандық Алмаз Орозбековке қарсы шеберлігін паш етті. Қарсыласына еш мүмкіндік бермей, тағы да 5:0 есебімен жеңіске жеткен Бақтияр Азия біріншілігінің алтын медаліне ие болды.Бұл – Кентау қаласының спорт тарихындағы үлкен жетістік.

