Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізуін міндеттейтін жарлыққа қол қойды. Бұл бастама «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға және мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған.
— Облыс әкімдері жылына кемінде бір рет әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада көшпелі кездесу өткізуі тиіс.
— Республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу өткізуі керек.
— Аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу ұйымдастыруы қажет.
— Кездесулердің төрттен бір бөлігі әкімнің баяндамасына арналса, қалған уақыты «сұрақ-жауап» форматында өтуі тиіс.
— Онлайн-трансляциялар мен әлеуметтік желілер арқылы халықтың пікір білдіру мүмкіндігі қамтамасыз етілуі керек.
Президент Жарлығы негізінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жыл сайынғы дәстүрге сай ауыл тұрғындарымен кездесуін жалғастыруда. І жартыжылдықтың есебін беру мақсатында ол Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиынға ауылдық округ әкімі Тайыр Абдиев, аудандық бөлім басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Кездесу барысында Тайыр Абдиев ауылдық округтің 2024 жылғы жұмыс қорытындылары мен негізгі көрсеткіштері туралы баяндама жасап, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, алдағы жоспарлар мен жаңа жобалар туралы да ақпарат берді.
Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Көтерілген сауалдарға тиісті сала мамандары тарапынан нақты әрі толық жауаптар берілді. Әсіресе, жол жөндеу, ауыз су, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша ұсыныстар айтылды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде ауданда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобалар жөнінде айтып, әрбір көтерілген мәселені жеке бақылауына алатынын жеткізді. Кездесу ашық пікір алмасу түрінде өтіп, тұрғындар өз ойларын еркін жеткізіп, нақты шешім қабылданды.

