Қайырымдылық – адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі. Қайырымды болу – жүректің мейірімімен, жанның тазалығымен келетін ұлы сезім. Қазақ халқы ежелден «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, игі іске бастамашы болған жандарды әрдайым ардақтаған.
Қазіргі таңда елімізде қайырымдылық іс-шаралары қарқынды дамып келеді. Ерік-жігері мол азаматтар, кәсіпкерлер, қоғамдық қорлар мен еріктілер ұйымдары мұқтаж жандарға көмек беріп, қоғамның әлсіз топтарын қолдауға ұмтылуда. Бұл – ел ішіндегі бірлік пен мейірімнің көрінісі.
Мектептерде оқушылар арасында қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, оқушылар кішкентайынан игі іске бейімделіп келеді. Ал жастар арасындағы волонтерлік қызмет те ел болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қайырымдылықтың қоғамдағы маңызын ерекше атап, волонтерлікті дамытуға, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдауға бағытталған бастамаларды қолдап келеді.
Қайырымдылық – бұл жай көмек беру емес, бұл – жан жылуын бөлісу. Қоғамда осындай ізгі істер көбейсе, еліміздің де рухани негізі беки түспек. Ендеше, әр адам өз шамасына қарай жақсылық жасауға ұмтылса – сол үлкен күшке айналады.
Қайырымдылық — жүректен шыққан ізгілік. Осы ұстанымды ұран еткен «Харекет» қайырымдылық қоры елге сүйінші жаңалық жеткізді. Қор аудандағы көпбалалы отбасыға 1373-ші баспанасын табыстап, үлкен қуаныш сыйлады.
Баспана табыстау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов арнайы қатысып, ізгі тілектерін арнады. Қор жұмысына жоғары бағасын беріп, қоғамдағы бірлік пен жанашырлықтың маңызын атап өтті.
Табыс етілген үй заманауи тұрмысқа қажетті жабдықтармен жасақталған. Су, жылу сияқты негізгі коммуналдық жүйелері толық жүргізілген. Үйдің айналасы қоршалып, жайлы орта қалыптасқан. Сонымен қатар, отбасының өз кәсібін дамытуына мүмкіндік беру үшін арнайы қосымша жай да қарастырылған.
Үй иесі — көпбалалы отбасының анасы қуаныштан көзіне жас алып, жомарт жандарға шын жүректен алғыс айтты. «Баспаналы болғанымды естігенде қатты қуандым. Қиын күндер артта қалып, балаларымызға жарқын болашаққа жол ашылғандай болды», — деді.
«Харекет» қоры 2017 жылдан бері еліміздің түкпір-түкпірінде баспанаға мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп келеді. Бүгінге дейін мыңдаған отбасының баспаналы болуына себепкер болды.

