Президент Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіруге бағытталған нақты тапсырмалар берді. 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы МӘМС жүйесін реформалауды жалғастыру қажет екенін атап өтті. Ол Үкімет пен Парламентке МӘМС жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтап, осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкіметке МӘМС жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуды тапсырды. Ол бұл жүйенің қарапайым әрі түсінікті болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеліп соқтырғанын, науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жағдайларының орын алғанын айтты. Ол мұндай жағдайларға жол беруге болмайтынын және медициналық көмектің сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл тапсырмалары МӘМС жүйесін жетілдіру, медициналық көмектің сапасын арттыру және ресурстарды тиімді пайдалану арқылы халықтың денсаулық сақтау саласына деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Осы нақты тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан әкімінің аппараттық мәжілісі өтті. Жиын барысында өзекті екі мәселе қаралып, тиісті сала басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің аудандағы орындалу барысы. Бұл бағытта Сауран аудандық емханасының бас дәрігері Бахыт Стамқұлов баяндама жасады. Олар медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындардың қатысу деңгейі, сақтандырылмаған азаматтармен жұмыс, түсіндіру шаралары мен қызмет сапасы жайында ақпарат берді.
Аудан әкімі бұл мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріп, сала басшыларына жұмысты күшейтуді жүктеді.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – әрбір азаматтың денсаулығы үшін мемлекет пен қоғамның бірлескен жауапкершілігі. Сондықтан әр мекеме өз деңгейінде халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, сақтандырумен толық қамтылуына ықпал етуі тиіс, – деді Мақсат Асылбекұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облыс және аудан әкімдерінің хаттамалық тапсырмалары мен тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы. Бұл бойынша ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Ербол Насыр баяндама жасап, нақты жұмыстар мен орындалу деңгейіне тоқталды.
Аудан басшысы барлық жауапты тұлғаларға халықпен кездесу барысында айтылған ұсыныстарды уақытылы әрі сапалы орындау қажет екенін ескертті.
– Әрбір тапсырманың артында нақты адам, нақты мәселе тұр. Біз үшін ең бастысы – тұрғындардың сенімі мен әл-ауқаты. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі әрі тұрақты болуы керек, – деді аудан әкімі.
Жиынды қорытындылай келе, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров көтерілген әрбір мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріп, жауапты бөлім басшыларына оларды белгіленген мерзімде сапалы әрі нәтижелі түрде орындауды жүктеді. Сонымен қатар, тұрғындармен кері байланысты нығайтып, халықтың өтініш-тілектеріне жедел әрекет ету қажеттігін қатаң ескертті.


