Өмір жолы – сынақ алаңы, күрес пен табандылықтың көрінісі. Түркістан облысы, Түркістан қаласында тұратын Шалтан Еркінбай есімді азамат тағдырдың тосын сынына мойымай, қайсарлығы мен табандылығы, ерік-жігерімен көпке үлгі болып жүрген азамат. 2000 жылы жұмыс барысында ауыр жарақат алып, арбаға таңылғанына қарамастан, ол бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп, қоғамдық белсенділік танытып, жастарға үлгі боларлық өмір сүру қағидаларын насихаттап, мотивация беріп келеді. Бүгінгі сұхбатымызда кейіпкеріміз өмір жолы, отбасы, еңбекке деген көзқарасы және қоғамға берер ойларымен бөлісті.
Сұхбат беруші: Шалтан Еркінбай Керімбайұлы – жеке кәсіпкер, қоғам белсендісі, тағдырдың сынағына мойымай, қайсарлық танытып келе жатқан азамат.
Сұхбаттасқан: “Kazaqpar.kz” сайтының тілшісі Ботабекова Қаламқас Алиакбарқызы.
– Еркінбай мырза, ең алдымен өзіңіз туралы қысқаша таныстырып өтсеңіз.
Мен – Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Майдантал елді-мекенінде 1978 жылы 2 ақпанда дүниеге келіп, туып-өстім. Көпбалалы отбасында тәрбиелендім – отбасымызда жеті бала бар: бес ұл, екі қыз. Мен – үйдің тұңғышымын, үлкенімін. Жастайымнан еңбекке араласып, отбасыма қолғабыс болдым.
Анамнан алты жасымда айырылып қалдым. Әкеміз 2008 жылы дүниеден озды. Содан бері, 2008 жылдан бастап, мен бір әулеттің үлкені ретінде бүкіл отбасыға қамқор болып келемін. Ерте жастан жауапкершілік арқалап, отбасы тіршілігінің негізгі тірегіне айналдым.
Бүгінде мен арбаға таңылған жанмын. Осындай жағдайға душар болғаныма 25 жылдай уақыт өтті. 2000 жылы еңбек барысында биіктен құлап, омыртқам сынған еді. Дәрігерлер «компрессиялық сынық» және жұлынның зақымдануы диагнозын қойды. Жарақат салдарынан аяқ-қол қозғалысы шектеліп, мүгедектік күйге түстім. Бұл жағдай менің өмірімді түбегейлі өзгертті.
2004 жылдан бастап бірнеше жыл бойы үйден мүлдем шықпай, тұйықталып, терең күйзеліс жағдайында болдым. Сол кездері «не өлемін, не тұрамын» деген таңдау алдында тұрдым. Тек ішкі жігер мен үміттің арқасында біртіндеп жаттығу жасап, өмірге қайта оралуға тырыстым.
— Мұндай ауыр сынақты қалай еңсердіңіз? Қайта аяққа тұруға не көмектесті?
Менің көзқарасымның өзгеруіне төрт жыл үйден шықпай ауыр күйзелісте жатқан кезім себеп болды. Алайда бұл мені сындыра алмады. Өзіңе мақсат қоя білу — өмірдің жаңа беті. Сол төрт жыл бойы не өмір сүріп кетемін, не бәрінен бас тартамын деген күйде болдым. Ол кезде 22 жастағы жап-жас жігіт болдым. Сол ортадан шығу, қоғамға қайта қосылу үшін маған үлкен мотивация берген — Алматыда тұратын Сүлейменова Меруерт есімді қыз. Ол да дәл мен секілді қиын жағдайдан өткен, екі балдақпен жүретін. Емханада танысып, біз бір-бірімізбен хат алмасып, сөйлесіп тұрдық. Оның айтқан сөздері мені қатты жігерлендірді. Мотивациялық кітаптар оқи бастадым. Оның Германияға және басқа елдерге барып, ем қабылдап, “үйде жата беруге болмайды” деген сөзі мен үшін бетбұрыс болды. Осы сөзден кейін мен әке-шешемнен бөлініп, өз бетімше өмір сүруге шешім қабылдадым. “Мен мүгедек емеспін, ішкі жан-дүнием сау, ақыл-есім орнында, қолым жұмыс істейді — демек, мен де өз жолымды таба аламын” деп, біртіндеп белсенділікке қайта оралып, 2006 жылы Түркістанға көшіп келіп, пәтер жалдап, өз өмірімді бастадым.
Қоғамға бейімделуді өзімнен бастадым. Қоғам да мені өзгелермен тең көрсе екен деген арман болды. Қазір сол арманға жеттім деуге болады. Бүгінгі таңда елімізде билік басында отырған азаматтар да инклюзия мәселесіне көңіл бөліп, “Кедергісіз келешек”, “Қолжетімді Қазақстан”, “Инклюзивті аймақ” т.б. секілді жобаларды ұсынып, арнайы заңдар мен кодекстер қабылдап жатыр. Бұл — біздің белсенділігіміздің, әлеуметтік жобаларға қатысқан еңбегіміздің нәтижесі деп ойлаймын.
— Қазір немен айналысасыз?
Қазіргі таңда өз кәсібім бар. Қолөнер және жылқы шаруашылығымен айналысамын. Қоғамдағы барлық іс-шараларға белсенді атсалысып отырамын. Сондай-ақ, жастарды жұмысқа тартып, кәсіпке баулуға тырысамын. Қолымнан келгенше айналамдағы адамдарға үлгі болуға, жігер беру жолында еңбек етудемін.
– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
– Үйленгенмін, бір қызым бар. Бұрынғы жұбайыммен алты жыл бірге өмір сүрдік, бірақ кейін әрқайсымыз өз жолымызды таңдадық. Ағайын-туыспен аралас-құраласым жақсы. Жалғыз емеспін, достарым, қолдаушыларым бар.
– Қоғамдық өмірге араласуыңыз туралы не айтасыз?
– Қоғамнан оқшау қалуға болмайды. Қазіргі таңда жастармен жиі кездесіп, мотивациялық кеңестер беремін. Арбаға таңылу – тағдыр, бірақ ол менің еркімді жойған жоқ. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қоғаммен тең өмір сүруге болатынын өз тәжірибем арқылы көрсеткім келеді.
— Қоғамдағы белсенділік пен азаматтық жауапкершілік ұғымдарына сіз қандай анықтама берер едіңіз?
Сіз қойған сұраққа жауап ретінде айтарым: қоғамдағы белсенділігім — ішкі сенімімнің нәтижесі. Мен осыдан 25 жыл бұрын тағдырдың қиын сынағына тап болдым. Бірақ сол күннен бастап “мен мүгедекпін” деген ойды ешқашан қабылдаған емеспін. Іштей өзімді әрдайым “мүгедек емеспін, менің мүмкіндігім шексіз” деп сендіріп, сол сеніммен өмір сүріп келемін.
Қазір облыс орталығындағы көптеген мекемелер мен азаматтар бізді көргенде “мүмкіндігі шексіз азаматтар” деп атайды. Бұл — қоғамдағы көзқарастың өзгергенінің бір белгісі. Бірақ бұл оңай келген жоқ. Сол өзгеріс үшін біз көп қиындықты еңсердік, өміріміздің талай сынаққа толы сәттері болды. Қуанышты, қызықты кезеңдер де аз болған жоқ.
Бәрі де әлеуметтік жобаларға қатысып, қоғамдық кеңестерде жұмыс істеп, белсенді өмірлік ұстанымымыздың арқасында жүзеге асты. Қоғаммен бірге тыныстап, оның бір бөлшегі болуға тырысып келеміз. Бізді өзгелермен тең көретін сана қалыптастыру жолында әлі де еңбектеніп жүрміз.
— Қоғамда оң өзгерістерге бастамашы болу үшін жеке адамның қандай қасиеттерге ие болуы қажет деп санайсыз?
Ең алдымен, сау ақылмен ойлану қабілеті, адалдық, жоғары дәрежедегі жауапкершілік, тіл тапқыштық, қызметтік этика, орындаушылық, командамен жұмыс жасау белсенділігі, түрлі жұмысқа икемділік қабілеті.
— Қоғам белсендісінің беделі мен жауапкершілігі туралы не айтасыз?
Белсенді азаматтық жауапкершілік туралы сұрағыңызға жауап ретінде айтарым, бұл ұғым ең алдымен жүректен басталады. Елін, жерін, туып-өскен ортасын шын сүйіп, қадірлеу сезімінен туындайды. Қоғамдағы кез келген жағдайға бей-жай қарамау, ол сіздің жан дүниеңізде толғаныс туғызуы тиіс. Мен өзім де осындай жауапкершілікті дәл осылай сезінемін. Мысалы, көшеде қоқыс шашылып жатса немесе ағаштар зақымданса, жаным қиналады, бұл мен үшін маңызды мәселе. Өз үйімде, туған-туысымның үйінде тәртіп бұзылмаса, сыртта да қоғамдағы жағдай мені бей-жай қалдырмайды. Осылайша, белсенді азаматтық жауапкершілік — әрбіріміздің жүрегімізде болуы тиіс қасиет.
— Сіздің қоғамдық жобаларыңыздың негізгі мақсаты мен бағыты қандай?
2013 жылдары біз шетелдік гранттар арқылы Еуропа Одағы, Америка Құрама Штаттарының қоғамдық бірлестіктерімен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жобаларды жүзеге асырдық. Сол кезде волонтерлармен көп жұмыс істедік. 2013 жылы волонтерлық топтар негізінен жастардан құралды. 2015-2017 жылдары Түркістан қаласының өзінде жиырмадан астам волонтерлық топтар құрылды. Бұл топтар қазір коронавирус пандемиясына байланысты азайған. Жобаларды дайындау барысында әр адамның идеясынан жоба жазылмайды. Сауалнама жүргізіп, қоғамда қандай проблемалар бар екенін түсініп, оны қалай шешуге болатынын ойладық. Осы кезде жастар белсенділік танытып, волонтерлік қызметті дамытуға атсалысты. Осылайша, 2012-2017 жылдары түрлі әлеуметтік жобаларға қатыстық.
— Қазіргі жастар арасында көшбасшылық қасиетті дамыту үшін қандай жағдайлар қажет деп ойлайсыз?
Жастар көп оқуы керек, сондай-ақ салтымызды сақтауымыз қажет. Алдыңызға нақты мақсат қойып, мақсатқа жеткенде ғана армандарыңыз орындалады. Адам осылайша әрекет еткенде, уақытыңыз да тиімді пайдаланылады. Сол кезде қиындықтарымыз жойылады, ел түзеліп, ел жақсы болса, біздің де жағдайымыз жақсарады. Мәдениетіміз де, еліміз де дамиды деген сенімдемін.
— Әлеуметтік мәселелерді шешуде азаматтық бастамалардың орны мен маңызы қандай?
Әлеуметтік салаға қатысты айтарым, оның ішінде жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлемін. Жастардың жұмыспен қамтылуы және оларға қолдау көрсету өте маңызды. Мысалы, мен әрдайым жастарға хобби, өнер, мамандықты дұрыс таңдау туралы кеңес беремін. Қазіргі уақытта мен спортпен айналысып жүрмін. Жақындарымыздың ішінде Сәулет, Рахманберді, Жансая сияқты жастар жоғары оқу орындарына түсіп, үлкен жетістіктерге жетуде. Елдос есімді жігітіміз Азиядағы паралимпиададан екінші орын алып, үлкен жетістікке қол жеткізді.
Осы жетістіктер жастарға мотивация беріп, олардың сенімін арттырады. Мотивация беру арқылы жастардың өзіне деген сенімі күшейіп, олар қолдарынан келетін нәрсені ұғынып, өздерін таныта бастайды. Мен әрдайым балаларға айтамын: паралимпиададағы жарысқа қатысу – үлкен жетістік, бірақ мақсатың әлемді бағындыру болуы тиіс. Мысалы, Геннадий Головкин немесе Димаш Құдайберген секілді тұлғаларды үлгі тұтып, әлемдік деңгейге шығу керек.
Мінез бен жігер адамның ең үлкен байлығы, сондықтан тек спорт арқылы ғана емес, өмірдің әр саласында табысқа жетуге болады.
— Халыққа еңбек ету жолында қандай мемлекеттік наградалар мен марапатталғансыз?
Мен тек бір ғана бағытта жұмыс істемеймін. 2013 жылдан бастап «Шапағат» мүгедектер қайырымдылық қорының президентімін. Қазіргі таңда Түркістан облысының қоғамдық кеңесінің мүшесімін. Өзім жаңа Түркістан қаласының және Түркістан облысының құрметті азаматы боламын. «Шапағат» деген орден иегерімін. Түркістан облысына қосқан еңбегіміз ескеріліп, төзімділігіміз үшін бірнеше рет марапатталдық. Сол еңбегімізді жоғары бағалады. Марапаттар жайлы айтсам, Түркістан қалалық мектеп интернаты басшылығының алғыс хаты 2011 жыл; «Түркістан аумақтық мүгедек балаларды оңалту орталығы» тарапынан алғыс хат 2012; «Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінің алғыс хаты 2013 жыл; «Асар» ОҚО Мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің алғыс хаты 2013; ОҚО жастарының ассоцациясының алғыс хаты 2013; GI Холдингінің президенті және ТКМК директорының алғыс хаты 2014; ОҚО, Мәдениет басқармасы, тарихи-мәдени-этнографиялық орталығының алғыс хаты 2014 жыл; «ОҚО Мүгедектерді оңалту орталығы ММ» тарапынан алғыс хат 2015; Қоғамдық денсаулық сақтау институтының алғыс хаты 2015; Облыстық ішкі саясат басқармасы, Облыстық жастар орталығы, «Жаңғырық» ҚҚ алғыс хаты 2015; Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының алғыс хаты 2015 жыл; Түркістан қаласы мәслихат төрағасының алғыс хаты 2016; ОҚО КП Түркістан қалалық филиалының алғыс хаты 2016.
Ал, «Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» Республикалық көрмесіне қатысып, азаматтық белсенділік танытқаным үшін: — Көпжылғы жемісті еңбегі, облыстың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық- саяси дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ОҚО Мәслихат Хатшысының алғыс хаты 2016 жыл; «Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрмесіне қатысып, азаматтық белсенділік танытқаны үшін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің атынан алғыс хатпен марапатталдым 2018; «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Ш.Жамалбектің алғыс хаты 2018 жыл; Түркістан қалалық білім беру және ғылыми қызметкерлердің кәсіподақ комитетінің төрайымы Г.Асильбаеваның алғыс хаты 2018 жыл; Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Атамекен» кіші бағдарламасының жобасы «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жылдың үздік ұйымы» номинациясының иегері 2018; Облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасының «Кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау және білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» белгісімен марапатталдым 06.02.2019 жылы. Сондай-ақ, «Қайырымдылық керуені» 2-ші Республикалық конкурсы бойынша «Батыл жүрек» номинациясы 2020 жыл; 2020 жылғы 3 желтоқсандағы Жарлық бойынша «Шапағат» медалімен наградталды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым Жомарт Тоқаев; 2021 Қаңтар Алғыс хат Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәлихаттар депутаттарының сайлауында белсенділік танытып, «Nur Otan» партиясының айқын басымдылықпен жеңіске жетуіне қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Нұрсултан Назарбаев. 2021 Алғыс хат — Қоғамның дұрыс бағытта дамуына үлес қосқан үшін. Түркістан қаласы басқарма басшысы Д.Д.Жүнісов; 2021 Алғыс хат — Қоғамдық өмірде белсенділік танытып, еліміздің өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағыттаған ауқымды шараларды жүзеге асыруды қажырлы еңбегіңіз үшін сізге алғысымызды білдіреміз. Түркістан қалалық мәслихат аппараты Мәслихат хатшысы М.Таңғатаров. Жалпы осы уақытқа дейін көптеген жоғары мемлекеттік және өңірлік наградаларды иемдендім. 2024 жылы тағы да облыс бойынша еңбегімді бағалап, арнайы марапаттарға ие болдым.
— Болашақта қандай қоғамдық жобаларды жүзеге асыру жоспарыңыз бар?
Менің жоспарымда түрлі қоғамдық жобаларды жүзеге асыру көзделген. Соның ішінде, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, жастарды қолдау және оларға жаңа мүмкіндіктер ашу басты бағытымның бірі болып табылады. Атап айтқанда, жастарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді, ыңғайлы орта құру, олардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған.
Біздің жобаларымыздың мақсаты — мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік интеграциясын қамтамасыз ету, оларды қоғам өміріне белсенді тарту және олардың экономикалық тәуелсіздігін арттыру. Қазіргі уақытта мегаполистегі орталықтарда бірнеше мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс істеуде. Сондай-ақ, паралимпиада спортшыларына арналған спорт клубына арнайы ғимарат салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ғимарат абилитациялық және оңалту шараларын ұйымдастыруға бағытталған, соның арқасында депрессияда немесе оқшаулануда болған адамдар қайтадан қоғамға қосылып, өмірлерін жақсартуға мүмкіндік алады.
Бұл жобалар қоғамда әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған маңызды бастамалар болып табылады.
Қазіргі кезде жасанды интеллект, жасанды сана туралы көп айтылады. Басқалары оған біздің ұлттық рухымыздың, ұлттық кодымыздың, ұлттық сана мен дәстүрдің дайын болуын талап етеді. Қазіргі кезде сыртқы және ішкі қиындықтарға дайын болмай тұрып, біз әр нәрсені қабылдап аламыз. Сондықтан, алдымен біз осы қиындықтарға төтеп беріп, сонымен бірге өзіміздің ұлттық санамызды, тілімізді, дәстүрімізді сақтап, құрметтеп, оны дамытуымыз қажет. Біз батырларымызды, ата-бабаларымызды мақтан тұтуымыз керек. Егер өзімізді мақтамасақ, басқа елдер бізді мақтап, құрметтемейді, керісінше күлкіге қаламыз. Сондықтан тілімізді, дінімізді, ұлттық мұрамызды қастерлеп, сақтауымыз аса маңызды.
Қиындықтарымыз көп болғанымен, оларды жеңу үшін ұлттық сана мен рухымызды көтеруіміз керек. Ұрпақтарымызға ұлттық рухтың жаңғыруын жеткізуіміз қажет. Ұлттық рух — бұл тау мен тасты, ата-бабаларымыздың киелі жерлерін, ата-баба дәстүрлерін ұмытпау, оны құрметтеу және жаңғырту. Сол арқылы біз өз тамырымызды танып, қайдан шыққанымызды біліп, ұлттық болмысымызды сақтай аламыз. Бұл — ұлттың рухани жаңғыруының негізі.
— Қоғамның дамуында мотивацияның рөлі қандай деп есептейсіз?
Қоғамның дамуына мотивацияның әсері туралы сұрасаңыз, мен былай ойлаймын: мотивация деген – әрбір адамның өміріндегі маңызды қозғаушы күш. Мен өзім де күн сайын мотивацияны іздеймін, өзімді ынталандырамын. Кейде мотивацияны сырттан емес, өз ішімізден табу керек. Мысалы, кейбір адамдар қиын жағдайларда отырып қалуы мүмкін, бірақ олар сол күйде өмір сүре бермей, қалай ілгерілеуге болатынын ойланады. Қоғамда «неге мен жұмыс істей алмаймын?» деген адамдар бар, олар сырттан мотивация күтеді, ал шын мәнінде мотивация – өзімізден басталады.
Менің айтарым, сен қандай жағдайда болсаң да, сенің мақсатыңа жетуің үшін ешкімнің сөзі, пікірін елемеу керек. Сен қиналып отырсаң да, еңбек етіп, өзіңді дамытуың қажет. Өмірде сенің еңбегің мен қажыр-қайратыңды көріп, сені құрметтейтін адамдар табылады.
Мен жастармен кездесулерде өз өмірлік тәжірибемді бөлісемін, олардан сұрақтар аламын. Олар маған: «Сіз бұл білімді қайдан алдыңыз?»,- деп сұрайды. Мен оларға өмірден, тәжірибеден алынған мотивацияны айтып беремін. Кітаптар да жақсы мотивация көзі, бірақ өмірден алған тәжірибе әлдеқайда құнды.
Мотивация – бұл адамға күш-қуат беретін, алға ұмтылдыратын энергия. Тіпті қиын кезеңдерде де адам сол мотивация арқылы жұмыс істеп, өз өмірін жақсарта алады. Сондықтан, мотивацияны әркім өз бойында тауып, өзіне сенім артқаны маңызды.
— Өз тәжірибеңізде ең сәтті жүзеге асқан жобалар туралы айтып өтсеңіз.
Өз тәжірибемде ең сәтті жүзеге асқан істер туралы айтар болсам, 2014 жылы депутаттыққа үміткер болған кезде волонтерлармен бірге белсенді жұмыс жүргіздік. Сол уақытта саясат алаңында түрлі кедергілерге тап болдық. Алайда, менің негізгі идеям – мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы рөлін арттыру болды. Түркістан қаласында бізді көрген адамдар өздеріне мотивация алып, жаңалыққа ұмтылуы – біздің ең үлкен жетістігіміз.
Бүгінде инклюзия мәселесін көтеріп, азаматтармен ашық кеңес жүргізіп, қолжетімді ортаны қалыптастыру – біздің әлеуметтік жаңалықтарымыздың маңызды бағыты. Бұл жұмыстардың жүзеге асуы – қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарастың өзгеруінің айқын көрінісі деп есептеймін. Осы бағыттағы жиналыстар мен кеңестер арқылы кедергілерді азайтып, тең мүмкіндік беру – қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
– Қоғамдық көзқарасыңыз қандай? Не нәрсеге ерекше мән бересіз?
– Ең бастысы – адам бойында патриоттық сезім, еңбекқорлық және адалдық болуы керек. Біз өз тілімізді, дәстүрімізді құрметтеп, ұлттық сана-сезімімізді биік ұстауымыз қажет. Жасанды интеллект, цифрлық заман дамып жатыр, бірақ рухани иммунитетіміз мықты болмаса, сырттан келген әсерге төтеп бере алмаймыз. Сондықтан, рухани жаңғыру – сыртқы форма емес, ішкі өзек.
– Жас ұрпаққа қандай кеңес берер едіңіз?
– Кітап оқуға ұмтылыңдар. Армандаңдар. Үлкен мақсат қойыңдар. Тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді қадірлеу — ұлттық болмыстың тірегі. Қоғамда өз орныңды табу үшін еңбек ету керек. Жаңа технология мен жасанды интеллект дамыған заманда, ұлттық құндылықтар мен рухани тәрбиені, кемелденуді ұмытпау — басты міндет.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Армандарым көп. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалармен айналысқым келеді. Тағдырлас жандарға қолдау көрсету – менің парызым. Сонымен қатар, алдағы уақытта кітап шығарсам деген ниетім бар. Мақсат – өмірлік тәжірибем арқылы өзгелерге дем беру.
— Сұхбатыңыздан түсінгенім, өміріңіздің қиындықтары мен жолыңыздағы кедергілерге қарамастан, сіз өзіңізді жоғалтпай, алға ұмтылып келесіз. Өмірлік тәжірибеңіз бен отбасылық жағдайыңыз туралы ашық айтып отырсыз. Бұл шынайылық пен батылдық – үлкен күш.
Жұмыссыз болсаңыз да, өзіңіздің кәсіпкерлік жолыңыз бар екенін, мүгедектік жағдайыңызға қарамастан, өмірді жалғастырып, айналаңызға қолдау көрсетіп жатқаныңыз үлкен құрметке лайық. Отбасыңыздағы жағдайды да түсінемін, әртүрлі кезеңдер болады, бастысы – берік болу.
Егер сізге мотивация қажет болса, өз өмір тарихыңызды жазу немесе бөлісу – бұл басқаларға да үлкен күш береді. Өзіңізді жақсы бағалап, өз жолыңызды жалғастырыңыз. Қиындықтар адамды сынақтан өткізеді, бірақ оларды жеңу – үлкен жетістік.
Сіз айтып отырған ойларыңыз — өте маңызды әрі терең мағыналы. Бұл — өмірде кездескен қиындықтарға қарамастан алға ұмтылған, жігері мықты азаматтың шынайы әңгімесі.
– Әңгімеңізге рахмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз!
– Рахмет! Баршаңызға амандық тілеймін. Ең бастысы – ниет пен әрекет. Адам рухы мықты болса, алынбайтын асу жоқ. Қалғаны Алланың қалауымен болады.

