Созақ ауданы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен, аудандық полиция бөлімі, аудандық орталық емхана және «Мансап» орталығының мамандарынан құралған мобильдік топ мүшелері Шолаққорған ауылында Д және Е санатында тіркелген отбасылардың әлеуметтік жағдайын зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың нақты мұқтаждықтарын анықтап, оларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық сүйемелдеу қызметтерін ұсыну болып табылады.
Кездесу барысында азаматтар атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үймен қамтамасыз ету, несиелік міндеттемелер бойынша банкроттық рәсімдері және басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша өтініш білдірді.
Түскен өтініштер FSM Social ақпараттық жүйесіне тіркеліп, тиісті сала басшыларына жолданатыны туралы тұрғындарға түсіндірілді. Зерделеу жұмыстары алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасын табатын болады.

